– Александр Анатольевич, кеудесін оққа тосып, қасық қаны қалғанша жаумен арыстанша арпалысқан қаншама есіл ерлеріміз жат жерде көмусіз қалды десеңізші?!
– Айтпаңыз. Тарихтың ақтаңдақ беттері аз емес. Солардың бір парасы сұрапыл соғысқа қатысты екеніне ешкім шүбә келтірмес. Бір мысал айтайын. Ленинград облысы аумағында жүргізілген ауыр шайқастар барысында 800 мыңдай қызыл әскер ұшты-күйлі хабарсыз кеткен көрінеді. Имандай иланасың, шүбәсіз сенесің. Өйткені, ресми статистика бойынша 20 миллион кеңес халқы опат болды делінсе, 10 миллионға кемітіліп көрсетілгенін енді біліп жатырмыз. Майдан даласынан әлі күнге дейін толассыз табылып жатқан жауынгерлердің денелері, жеке заттары, қару-жарақтар мен снаряд қалдықтары осы ойымызды растай түседі.
– Ұрыс далаларында қазба жұмыстарын жүргізу шараларына ерекше белсенділікпен қатысып жүрген клуб мүшелері еріктілер есебінен жасақталған ба?
– 1987 жылы “Саланг” әскери-патриоттық клубы құрылып, оқушылар мен студенттер тартылды. Мұнда жастар әскерге аэромобильді қызметке әзірленеді. Осы кезең ішінде екі мыңға жуық жасөспірім тәрбиеленіп, түрлі жорықтардың, жекпе-жек өнерінің қыр-сырларын үйреніп шықты. Спорт үйірмелері, атлетика залдары жұмыс істейді. Парашютпен әуеден секіреді, қыста БМП жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда, сергектікке, шымырлыққа баулынады. Бос уақыттарын қызықты да мазмұнды өткізудің мүмкіндіктері барынша қарастырылған.
Ал халықаралық “Еске алу” вахтасына қатысқалы қатарымызға ересектер де қабылданып, ауқымымыз кеңейе түсті. Дәнекерлеуші, электромонтёр, қарауыл секілді қарапайым мамандық иелерінің басын тоғыстырады. Ондағы мақсат – көмусіз қалған жауынгерлердің сүйектерін табу, аты-жөндерін анықтау, аталарымыздың ерлік даңқты жолдарын өскелең ұрпаққа жеткізу, патриоттық жігерлерін ояту, сұм соғыстың беймәлім құпия сырларын ашу.
– Бірлестіктің мұражайына майдан алаңдарынан жеткізілген бағалы жәдігерлер қатары жылдан-жылға толыға түсуде. Олардың шертер сыры да аз болмаса керек. Көптеп қойылуының сыры неде?
– Осындайда Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласындағы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айтылған парасатты пайымдары ойға оралады. Онда “егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды”, деген ғажап сөздер бар. Жарқын болашаққа жасампаздық күш-қуатын арнаудың орнына теріс қылықтар мен жат ағымдарға бой алдырып жүрген жастарымыз жоқ емес. Ұлттық бірегейлікті сақтау, нақты мақсатқа жету, саламатты өмір салтын ұстану адамның тәрбиесі мен мінез-құлқына көп байланысты. Жасыратыны жоқ, біз ұрпақтар арасындағы жарасымды сабақтастық, үлкенге – құрмет, кішіге ізет секілді қалыптасқан дәстүрлерімізден көз жазыңқырап қалдық. Бұл орайда рухани дүниетанымды жаңғыртудың маңызы зор. Президентіміз бұқаралық сана-сезімнің “отбасы, ошақ қасы” аясынан туындайтынын дөп басып айтты. Қазақстандық патриотизмді озық жетістіктеріміздің бірі ретінде талмай насихаттаудың жөні бөлек. Туған жерге, өскен ортаға сүйіспеншілікпен, құрметпен қарау – ұлтжандылықтың ерекше үлгісі. “Саланг” клубының мұражайына келушілер сұрапыл соғыс жайлы сыр шертетін жәдігерлермен жан-жақты таныса алады. Мұнда қару-жарақтардан бастап жауынгерлердің жеке заттарына дейін қойылған. Компьютер ойындарындағы атыс-шабыстардан көз алмайтын оқушылар тым болмаса бір рет бас сұқса, қан майданның нағыз куәгерлеріне жолығып, санаға салмақты ой салар еді. Бүгінгі бейбіт өмір ата-бабаларымыздың қанымен келгенін шын сезінер еді. Мұндағы экспонаттар жауынгерлердің майдан даласында қолданған ұрыс құралдары болғандықтан, ыстық. Осы баға жетпес жәдігерлерді клуб мүшелері өздерімен бірге алып келді. Осы жолы 90-ға жуық құнды заттар қойылды. Солардың бірі – әйгілі “Катюша” ракетасының бір бөлшегі. Снаряд жарылған кезде мықты деген металдың өзі майысып кетеді екен.
– Көмусіз қалған жауынгерлердің аты-жөнін анықтауда қандай тәжірибелерге жүгінесіздер?
– Біз алғашқы жылдары Новгород облысының Парфинск ауданы аумағында болып, ресейлік, украиналық, беларустік экспедициялармен бірлесіп қазба жұмыстарын жүргіздік. Кейін бұл бағытқа Тула, Орел, Брянск, Калуға облыстары қосылып, бірнеше топ ұйымдастыруға тура келді. Олардың біріне тәжірибелі заңгер Николай Федоров жетекшілік етті. Содан бергі кезеңде үш мыңнан астам жауынгердің сүйек қаңқалары қазып алынып, қара жер қойнына тапсырылды. Жүзге жуық қызыл әскердің аты-жөндері қалпына келтірілді. Кей жылдары соғыста із-түзсіз жоғалған 200-дей жауынгердің сүйектері табылып, жерленді. Бұл өңірлерде жерлеусіз қалған жауынгерлер саны өте көп. Калуга, Тула бағыттарында Ақмолада жасақталған 387-ші атқыштар дивизиясы жорық жолдарын өткергені белгілі. Оның құрамында Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының өндірдей жастары болған. Қолдағы деректерге қарағанда, 1942 жылғы 8-14 тамыздағы қанды шайқаста 7-8 мың жауынгерден 800-дейі ғана аман қалған. 2014 жылы барлық жасақ жұмылып, 703 сарбаздың сүйегі шығарылса, 42-сі – біздің еншімізде. Алты медальонның екеуі – Қызылорда облысының тумалары Ириатулла Хамидуллин мен Мих Үсентаевқа, үшіншісі ақмолалық Асылбек Асыловқа тиесілі болып шықты. Марқұмдардың мүрделері Ясная Полянадағы Парфино селосына жерленді. Аты-жөндері жазылған тақта орнатылды. Осы аумақтан биыл 489 жауынгердің мүрдесі көтерілсе, 6-уын солтүстікқазақстандық ізшілдер кезіктірді. Қаза тапқандардың арасында отандастарымыз да бар. Бірі – Жамбыл, екіншісі – Атырау облыстарының тумалары. Атап айтқанда, Құсбан Борамбаев пен Расул Ұбайдоллаев ауыр шайқаста оққа ұшқан. Қос боздақтың есімдері қасыққа және медальонға жазылған. Марқұмдардың аты-жөнін әр-қайсысына тиесілі медальон арқылы ғана анықтауға болады. Ол пластмассаның ерекше түрі – корбариттен жасалған. Көпке дейін бүлінбейді, шірімейді. Оның ішіне жауынгердің аты-жөні жазылған бір жапырақ қағаз салынады. Білуімізше, кеңес әскерлерінің көбі бойтұмарды толтырмаған деседі. Оны жаман ырымға балаған.
Еске алу вахтасына қатысқан ширек ғасыр ішінде қаншама ауыртпалықтарды бастан кешсем де, бірде-бір жолсапардан қалған емеспін. Ел үшін жанын пида еткен боздақтардың жатқан жерін, аты-жөндерін анықтауды, талмай іздестіруді азаматтық борышым санаймын. Ең бастысы, жастар үлгі алып өссе, Қазақстанның жанашыр азаматтарына айналары анық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.