
Қызылжардағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік мектеп-лицейінде оқушыларға жан-жақты тәрбие беру мақсатында түрлі шаралар өткізіліп тұрады. Осылай биыл “Қонақпен сұхбат” жобасы өмірге келді. Мектеп-лицейдің директоры Ержан Әубәкіров жаңа жобаның мақсаты жоғары сынып оқушыларының белсенділігін арттыру, олардың бойына елжандылық қасиеттерін сіңіру, сондай-ақ, мамандық таңдауға көмектесу екенін дәттеген. Осы ретте жобаның алғашқы мейманы қоғам қайраткері, жазушы Жарасбай Сүлейменов:
– Асыл арманымен қауышқан халқымыздың “Мәңгілік Ел” болуға деген ұмтылысы “Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта” екендігін ұқтырып, болашаққа байыппен көз тіктіруде. Ұлы бастаманы жүзеге асыруға сіздердің де қосар үлестеріңіз аз болмауға тиіс, – дей келе, Елбасымыздың “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясы, “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауы турасында ой толғады.
Кездесу қонағына ұлттық құндылықтар, тәуелсіздік ұғымы, ел болашағы, жастар мәселелеріне қатысты қойылған сұрақтар, оған берілген жауаптар жиналғандарды әдемі әсерге бөледі.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.