«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАЙЗАҒАЙ-ҒҰМЫР

Қызметте жүргенде, «Шіркін, зейнет демалысына шығып, қым-қуыт қарбаласқа толы күндерден іргемді аулақ салсам, жазуымды жазып тыныш отырар едім» деп ойлаушы едім, бәрі бекер екен?! Күйбең тіршілік. Жұмыс көбеймесе, азаяр емес. Сәрсенбінің сәтінде солардың бәрін ысырып тастап, жазу үстеліме отырдым. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», өзім жақсы білетін, көзі тірісінде араласқан аяулы азамат Қуандық Ишанғалиұлы Қасымов туралы көрген-білгенімді, көңілге түйгенімді ақ қағазға түсірмекпін. Ол көзі тірі болса, биыл 75-ке толар еді. Зымыраған уақыт! Өмірден озғалы да он жыл өте шығыпты.

Мен Қуандықты бозбала кезінен білемін. Қызылжардағы қазақ мектебінде оқыған жылдары Қуандықтың әкесі Ишанғали ағамызбен ауылдасым, сол кезде есімі облысқа жақсы танымал азамат Ғазез Сұрағанұлы Мусиновтың үйінде талай кездескенімді жазған болатынмын. («Мәшуда»,«Soltüstik Qazaqstan», 07.02.2025 ж.) Қазір оның бәрін қайталап жатпайын. Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқитын Қуандық та әрлі-берлі өткенде ол үйге соқпай кетпейтін.

…Шай ішіліп, дастарқан жиналғаннан кейін өнер десе ішкен асын жерге қоятын, жұмыстан бос уақытта домбырасы қолынан түспейтін Ғазекең оны ортаға алып ән айтқызады. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, Қуандықтың дауысы керемет еді. Кеудесін кере, кең тыныстап алып шырқай жөнелгенде жүректі шымырлатады. Жас болса да қимылы кербез, сөзге сараңдау. Ал әнге келгенде тоқтау жоқ, Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» қайта-қайта шырқағаны есімде.

Әңгіме үстінде Ғазекең:

–Қуандық, биыл сен осы оқуыңды бітіресің ғой, Алматыда қалатын шығарсың? – деді.

– Жоқ, еңбек жолымды ауылда бастағым келеді, ол жақта мен сияқтылар жай да көп қой.

– Өсемін, елге таныламын деген шығармашылық адамына орта керек, жақсы ұстаздарыңды өзің айтып отырсың, сирек дара дауысың бар, музыкалық аспаптардың біразында ойнайсың, ауыл қайда қашар дейсің?!

Қуандық одан әрі сөз жарыстырған жоқ. Кеш бойы домбыра, сырнай, аккордеон мен мандолинаны кезек-кезек қолға алып, неше түрлі әнге басты. Бәріміз ұйып тыңдап, өнеріне тәнті болдық.

Айтқандай, ол 1967 жылы оқуын тамамдағаннан кейін бірден елге оралып, бұрынғы Сергеев аудандық мәдениет үйіне баянист болып орналасты. Арада аз уақыт өткеннен кейін балалар музыка мектебіне мұғалім болып ауысты. Сергеев аудандық мәдениет үйінің директоры, Жамбыл, Соколов, Қызылжар аудандарының мәдениет бөлімінің меңгерушісі… Осылай уақыт зырлап өтіп жатты. Әсіресе оның аты Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданында істеген жылдары дүркіреп тұрды. 1976 жылы өзі басқаратын мәдениет үйінің жанынан акаде миялық хор ұйымдастырды. Ал келесі жылы оның бастамасымен қазақ ұлттық «Ақ бидай» атты ән-би ансамблі өмірге келді. Кешікпей ұжым бүкіл республикаға танылды. Ол үшін «Ленин комсомолы» деп аталатын үгіт поезының құрамына еніп, концерттік сапармен көршілес Ресей Федерациясының Омбы, Пермь, Түмен, Қорған облыстарын аралағанын, 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында өнер көрсеткенін айтсақ та жеткілікті.

Бойды кернеген бұла дарын оған тізе бүктірген жоқ. Уақытпен санасуды білмеді, ізденуден жалықпады, үнемі өзінің сегіз қырлы өнерпаз екенін дәлелдеумен болды. 1980-1986 жылдары Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары ақындарының қатысуымен аймақтық айтыстар ұйымдастырды.

1989 жылы облысымызда Ресейдің халық әртісі Геннадий Заволокиннің қатысуымен алғашқы рет «Ойна гармонь, күмбірле домбыра» атты облыстық фестиваль өткені ұмытыла қойған жоқ. Осы шараның да бел ортасында оттай жанып, шоқтай маздап Қуандық Ишанғалиұлы жүргенін жерлестеріміз жақсы біледі.

«Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» деген емес пе, ол өзінің өнері мен ұйымдастырушылық қарымын тез деуге келмес, отыз жылдай ауылдық жерлерде жұмыс істей жүріп жоғарыдағыларға да мойындатты. Сөйтіп, 2002 жылы облыстық филармонияның директоры болып тағайындалды. Мұнда да жаңашылдығымен жарқырады: филармония жанынан қазақ ұлт аспаптар оркестрін, «Әдемау» қазақ би ансамблін, эстрадалық симфония оркестрін, камералық хор ұжымдарын ұйымдастыруға ұйытқы болды.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрына жаңа директор тағайындау мәселесі көтерілгенде таңдаудың Қуандық Қасымовқа түсуі де кездейсоқ емес деп ойлаймын. Атақты жерлесіміздің туғанына 100 жыл толып жатқан күндері өңірімізде қазақ сазды- драма театрының ашылуы, осыған орай Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының сол жылғы түлектерінің қотарылып Қызылжарға келуі жерлестерімізді керемет қуанышқа бөлеген. Алайда арада төрт жыл өткенде, 2005 жылдың бас кезінде театр төңірегінде келеңсіз әңгімелер көбейіп кетті. Ақыры бұл сөз сол кездегі облыс әкімі Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровқа жетіп, ол кісі үлкен жиналыс (1 қараша 2005 ж.) өткізді. Отырыста негізінен театрдың репертуар жасақтау, гастрольдік сапарларын ұйымдастыру жайында сөз болғанмен, өңір басшысы ұжымдағы ахуалдың мәз еместігін де жасырған жоқ. Облыс әкімі жағдайды түзеу зиялы қауым өкілдерінің ортақ міндеті екенін айтып, театрдың көркемдік кеңесі құрылатынын хабарлады. Он бір адамнан тұратын осы кеңеске жетекшілік етуді маған тапсырды. Кеңестің құрамына сол кезде облыстық филармонияны басқарып жүрген Қуандық Қасымов та енді.

Театрдағы жағдаймен тереңірек танысу мақсатында шығармашылық ұжыммен бірнеше кездесу өткіздік. Шешімін күтіп тұрған мәселелер көп екеніне көз жеткіздік. Өнер ордасына басшылық жасайтын директорды тағайындаудың созылып кеткені, театрдың материалдық базасының әлжуаздығы, әртістердің еңбекақыларының тө мен болып отырғаны, гастрольдерге шығатын көліктерінің тозығы жеткендігі– бәрі айтылды.

Осыдан кейін театрға іле жаңа директор тағайындалды. Тізгін Қуандық Қасымовтың қолына берілді. Бұл оған көрсетілген үлкен сенім еді. Сол күндері Қуандықпен жиі кездесіп жүрдік. Гастрольдік сапарлардың кестесі жасалды, көлік мәселесі шешілді. Осылай ол алғашқы күндерден өзін іскер ұйымдастырушы, білікті де тәжірибелі басшы ретінде таныта білді. Бірде театр жанынан камералық симфония оркестрі мен би тобын ұйымдастырғысы келетінін айтқан. Айтылған сөз жерде қалған жоқ, 2008 жылы камералық симфония оркестрі мен би тобы жұмыс істей бастады. Уақыт өте келе би тобы 70-тен астам өнерпазы бар үлкен ансамблге айналды. Бірнеше халықаралық байқауларға қатысып, талай рет жүлдемен оралды. Осылай «Алуа» қазақ театрының дамуына ғана емес, талай дарынды жастардың өнерден өз орнын табуына көмектесті.

Театрымыздың Қуандық Қасымов басқарған жылдары сан мәрте республикалық конкурстар мен фестивальдарда топ жарғаны оған толық дәлел бола алады.

Бала кезінен өнерге құштар болып өскен Қуандық Ишанғалиұлы адал еңбегімен арман-мақсатына жетіп, өзі таңдаған жолда талай белестерді бағындырды, абырой- құрметке бөленді, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды.

Ол үнемі қолға алған ісімді аяғына дейін жеткізсем деп асығып тұрушы еді. Мәңгілік мекеніне де асығыс аттанып кетті…

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp