«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАМЫС ТУЫН БИІК ҰСТАЙМЫЗ

“Айбын – 2020” республикалық әскери-патриоттық жас­тар жиынының ашылу рәсімі онлайн-форматта өтіп, оны өрендермен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов те тамашалады. Жарысқа қатысушыларды Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев құттықтады. Ол өз сөзінде Президент, Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас буынға зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.

Жастардың бойында Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік се­зімдерін, қазақ­стандық патриотизмді қалыптастыру ісінде әскери-патриоттық жұмыстарды заман талабына сай ұйымдастырудың, бұл сала­да жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудың мәні зор. Қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, тарихымызда қазақ жігіттерінің ерлік істері мен жақсы қасиеттерін жастарымыздың бойына дарыту бұлжымас қағида болып қала береді. Шы­найы табыс, нақты кәсіби білім, оқу мен еңбек­те озат болу отбасы, балабақша, мектеп арасындағы жүйелі қарым-қатынасқа, тығыз бірлікке байланысты. Жуырда онлайн-режімде ұйымдастырылған республикалық “Жас ұлан” әскери-патриоттық ойынында облыс намысын қорғаған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның 15-16 жас аралығындағы жасөспірімдері жеңімпаз атанды. Енді “Айбын” әскери-патриоттық жастар жиынында намыс туын биік ұстауды мақсат етіп отырмыз. 30 қарашаға дейін жалғасатын сайысқа негізінен Петропавл қаласындағы №40 мектеп жанынан құрылған “Жас батыр” әскери-патриоттық клубының өрендері іріктеліп алынды. Олардың қатарында түрлі додаларда жасындай жарқылдап жүрген Виктория Калинина, Анастасия Погребняк, Мұрат Санжар, Матвей Баев, Мирас Балапан, тағы басқа тәжірибелі оқушыларымыз бар. Ойын шарт­тарының күрделілігі ескеріліп, Виктор Хворых және Владимир Носик тәрізді бапкерлер 14-18 жас аралығындағы шәкірт­терін бәйгеге үкі­леп қосты.

Бірінші кезеңде жас буынның танымдық мүмкіндіктерін дамытуды, ой-өрісін ке­ңейтуді діттейтін зияткерлік ойыны өткізілді. Оның нәтижелері жалпы жиынның командалық есебіне кірмесе де, оқушыларымыз тыңғылықты әзірліктерімен көзге түсті. Ойын квиз-викторина форматында ұйымдастырылып, аудио, бейне-сұрақтар, тест, фактілерді салыстыру, ребустар, логика­лық есептер қамтылды. “Ұлы даланың жеті қыры”, “Ұлы Жеңіске – 75 жыл!”, “Туған жер”, “Полиглот” және “Мегамозг” турлары қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды.

Алда саптық, медициналық дайындық, атыс қаруларын, робототехниканы меңгеру, күш сынасу секілді кезеңдер тұр. Өрендеріміз шыдамдылық, төзімділік, тапқырлық көрсетіп, жеңістің биік тұғырынан көрінеріне сенеміз.

Қанат СӘДУАҚАСОВ,

Өңірлік дене шынықтыру, спорт және алғашқы дайындық оқу-әдістемелік орталығының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp