Қала тұрғындары жыл басынан ең төменгі жалақының мөлшері өсіп, коммуналдық төлемдердің құны кемігеніне қуанып жүргенде, ойламаған жерден нан бағасының көтерілгеніне аң-таң. Бұрнағы күні облыс орталығын нанмен қамтамасыз ететін ең ірі компания – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз өнімдерінің бағасын 10 пайызға өсірді.
Бұл мәселеге байланысты өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс әкімдігінің отырысында айтты.
– Бүгінгі күні комбинат “ерекше” деп аталатын нан бағасын бірден 14 теңгеге көтерді. Нәтижесінде дүкен сөрелеріндегі нанның бұл түрі 105-120 теңгеден сатылуда. Бағаның көтерілуіне орай арнайы штаб құрылып, барлық дүкендердегі нан бағасына сараптама жасалуда. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттің қолдауын көріп отырғанын тілге тиек етіп, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жароваға әлеуметтік азық-түліктің бағасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Соңғы жарты жылда нанның бағасы екі рет көтерілген. Тәулігіне 18-20 тонна өнім шығаратын комбинат басшылығы 2018 жылдың қазан айында өнімдерінің бағасын 5-10, ал қараша айында тағы 5-7 пайызға өсірген болатын.
– Біз нанның екі түрін пісіреміз. Ай сайын тұрғындар арасында “қалалық” деп аталып кеткен 500 граммдық әлеуметтік нанның 45 мың бөлкесін шығарамыз. Оның дүкендердегі бағасы 65-70 теңгені құрайды. Дегенмен, әлеуметтік нанға деген сұраныс төмен. Ал ұнның бірінші және жоғары сұрыпынан пісірілетін “ерекше” наны соңғы уақытқа дейін 90 теңгеден сатылып келді. Бүгіндері тапқан табысымыз шығындарымызды жаппайды. Қазір жанар-жағармай мен коммуналдық қызметтердің бағасы қалтамызға салмақ түсіріп отыр.
Өткен жылы өңірімізде мол астық жиналғанымен, бидайдың бағасы қазан айында 2-3 мың теңгеге қымбаттады. Бұл өз кезегінде ұнның 10 пайызға көтерілуіне түрткі болды. Сондықтан нан-тоқаш өнімдерінің кейбір түрлерінің және бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін нанды қымбаттатуға мәжбүрміз, – дейді Петропавл нан-тоқаш комбинатының бас экономисі Наталья Агабабян.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.