Осыдан бір ай бұрын нанның бағасы бір күнде 45 пайызға шарықтап, келер күні бұрынғы қалпына түссе де, жұрттың “Бұл тегіннен-тегін емес. Бәрібір баға көтеріледі” деген алып-қашпа әңгімесі бүгінде шындыққа айналып отыр. Сол жолы жергілікті биліктің араласуымен түсірілген баға арада аз уақыт өткеннен кейін қайта көтерілді. Яғни, бүгінде 46 теңге тұратын бөлке нан 65-70 теңгеден сатылуда. Мәселенің аныққанығын білу үшін азық-түлік нарығындағы бағаны қадағалаушы мекеме – Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша инспекциясына хабарласқанымызда, басшының орынбасары Наталья Шаяхметова нанның нарықтық бағасын өсіріп отырған “НанИнвестКондитер” серіктестігі екенін жеткізді. Сондықтан аталмыш мекеме олардан қандай негізге сүйеніп өнімнің құнын көтергендігін түсіндіру құжаттарын сұратқан. Тиісті ақпарат келіп түскеннен кейін инспекция мамандары өнімнің қымбаттатылу себептеріне талдау жасап, бағаны өсіруге негіз бар ма, әлде жоқ па, соны анықтайды. Оған кем дегенде 2-3 апта уақыт керек.
“НанИнвестКондитер” ЖШС – петропавлдықтарды нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған негізгі кәсіпорын. Сауда орындарына шығарылатын нанның 70 пайызы осы кәсіпорынның үлесінде. Бүгінде оның әкімшілігі тек ұнның жоғары сортынан жасалған бөлке нанға ғана баға қосылғандығын, ал “Әлеуметтік” деп аталатын бөлке нанның бағасы бұрынғы 45 теңге күйінде қалғанына сендірсе де, көптеген сауда дүңгіршектері нан өнімінің біраз түріне 1-2 теңге қосып үлгеріпті. Аталмыш кәсіпорын директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Вера Наумова:
– Біз 10 қазаннан бастап жоғары сортты бөлке нанға ғана баға қостық. Ал қалған өнімдердің бағасы өзгерген жоқ. Егер сауда орындары нанның басқа түрлеріне баға қосса, оған біз жауапты емеспіз. Бізден олар нанды бұрынғы бағамен әкетіп жатыр, – деді.
Бұл мәселеге нүкте қойылатын күн де алыс емес. Нан бағасы қымбаттай ма әлде бұрынғы күйінде қала ма, оны уақыт көрсетеді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.