Облыс орталығындағы “Жастар” стадионында өңір өрендерінің қатысуымен қоғамның індетіне айналған нашақорлыққа қарсы іс-шара ұйымдастырылды. Бұл игі шара жастарды синтетикалық есірткілердің жаңа түрлерінен келетін қауіптен сақтандыруға, өрендердің бойына саламатты өмір салтын ұстану қағидатын қалыптастыруға бағытталды.
Шара барысында өңіріміздегі жиырмадан астам балалар мен жасөспірімдер клубының мүшелері спорттық ойындардың бірнеше түрлері бойынша сайысып, ғасыр дертіне айналған кеселмен күресудің жолдарын айтып, өз ойларын ортаға салды.
– Жуырда “Көкнәр” жедел-алдын алу шарасы кезінде тәртіп сақшылары Петропавл қаласының екі тұрғынын қолға түсірді. Қос күдіктіден тәркіленген 2 грамм героин ондаған жеткіншекті есірткіге тәуелді етуі мүмкін еді. Бүгінгі жастардың көбі еліктегіш, сенгіш қой. Осындай іс-шаралар арқылы өрендерді сақтандырып қана қоймай, олардың өз пікірлерінің қалыптасуына ықпал етеміз, – дейді Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы Данияр Найкин.
(Өз тілшіміз).