Соңғы кезде елімізде қоғамдық бақылаудың рөлі маңызды. Азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігі заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге және елдегі ахуалдың түйінді мәселелерін анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік топтың қызметі ел өмірінің көптеген салаларын қамтиды. Соңғы кезде мемлекеттік органдардың ашықтығына қатысты оң нәтиже байқалып отыр. Жалпы алғанда, атқарылған жұмыс аз емес. Алайда сыбайлас жемқорлықты төмендетуге үлес қосқысы келетін белсенді азаматтар саны жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, алдағы уақытта атқарылатын шаруа шаш-етектен. Бүгінде республикалық және облыстық арнайы мониторингтік топтардың құрамында қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, кәсіпкерлер, әртүрлі саладағы сарапшылар бар.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің арнайы мониторингтік топпен бірлесе атқарған жұмысы «KazKenes» коммуникациялық алаңында онлайн-режімде өткен мәжіліс барысында қорытындыланды. Іс-шараға республикалық және өңірлік топтардың мүшелері, Агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Жиын «Facebook» әлеуметтік желісіндегі Агенттіктің ресми парақшасы арқылы онлайн режімде көрсетілді.
Жұмыс бірнеше бағыт бойынша қорытындыланды. Атап айтқанда, төтенше жағдай кезеңіндегі әлеуметтік-маңызды нысандарға (дәріханалар, дүкендер, сондай-ақ блок-бекеттер) жасалған мониторинг, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама, білім беру, сумен жабдықтау, әлеуметтік саладағы тексерістер.
Жыл басында өткізілген бірінші сынамалық ҰБТ-ға арнайы мониторингтік топтың 176 мүшесі бақылаушы ретінде қатысып, 300-ден астам ереже бұзушылықты анықтады.
Бұған қоса биылдыққа 298 мемлекеттік органның қызметіне мониторинг жүргізілді. Олардың нәтижелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мекемелердің ұйымдастыру-басқару қызметін жақсарту бойынша ұсынымдар әзірленді. Бір ғана мемлекеттік сатып алу саласы бойынша 635 ұсыным берілді. Топ мүшелері экология саласында сыртқы талдау жүргізуге қатысып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 30 ұсыным жасады.
Еліміздің барлық өңірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама бойынша 23 семинар ұйымдастырылып, оған тәжірибелі заңгерлер, академиялық қауымдастық және квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысты.
Карантин кезеңінде арнайы мониторингтік топ мүшелері блок-бекеттерде төтенше жағдай ережелерінің сақталуына ұдайы мониторинг жүргізеді. Ондағы мақсат – жүк тасымалдау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен әкімшілік кедергілерді болдырмау. Сондай-ақ, сауда орталықтары, базарлар, дүкендер, дәріханалар сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарға жүргізілген мониторинг барысында қажетті тауарлардың бар-жоғы, оларға белгіленген бағалардың сәйкестігі тексерілді. Сонымен қатар індетке қарсы қажетті медициналық препараттар мен жабдықтарды сатып алуға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылау жүргізілді.
Топ мүшелері мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бағытындағы жұмысты ерікті түрде атқарып келеді. Бүгінгі таңда ел бойынша 10 мыңнан астам отбасына азық-түлік жеткізіліп берілді.
Арнайы мониторингтік топ мүшелері тікелей эфир арқылы тұрғындарға заңгерлік ақыл-кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетеді.
Жиын соңында Агенттіктің аумақтық департаменттері мен арнайы мониторингтік топтар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыра түсу туралы келісімге қол жеткізіліп, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша өңірлердің оң тәжірибесін тарату тапсырылды.