«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕГІЗГІ САЛАЛАРДА ӨСІМ БАР

Солтүстік Қазақстан облысы биылғы жылдың 9 айында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Еліміздің 17 өңірі арасында облысымыз құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп көлемі өсімінің қарқыны бойынша алдыңғы орында. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 42,3 пайызға, тұрғын үй салу – 5,5 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 7,8 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,1 пайызға, өнеркәсіп өндірісі – 1,8 пайызға, бөлшек сауда 0,8 пайызға өсті.

Өнеркәсіп. Облысымыз үшін ерекше маңызға ие бұл салада ілгерілеушілік бар. Үстіміздегі жылғы қаңтар-қыркүйекте облыстың кәсіпорындары 180,5 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады. Жыл басынан бері 126,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – жалпы өнеркәсіп өндірісінің 69,9 пайызы. Саладағы өсім 0,5 пайызды құрады. Соның ішінде 58,4 пайыз азық-түлік өнімдерін өндіру саласына тиесілі. 2017 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда ұн өндірісі – 36,1 пайызға, макарон өнімдерін шығару – 14,9 пайызға, тазартылмаған өсімдік майы – 35,2 пайызға, сүт өнімдерінің өндірісі 8,2 пайызға өсті. Ағаштан жасалған бұйымдар – 42,6 пайызға, ал сусын шығару 2,8 пайызға артық орындалды.

Қаңтар-қыркүйекте 317,6 мың тонна ұн, 99,2 мың тонна сүт және кілегей, 17,9 мың тонна макарон, 1,7 мың тонна сары май және спред, 0,9 мың тонна ірімшік пен сүзбе шығарылған. Алкоголь өнімінің көлемі – 4,1 млн. литр, минералды су және алкогольсіз сусындар – 3,4 млн. литр.

Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда нақты көлем индексі 105,8 пайыз болса, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 98,3 пайыздық өсім бар.

Ауыл шаруашылығы. Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлы өңір. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Өңіріміз жыл сайын еліміздегі жоғары сапалы астықтың үштен бірін өсіреді. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 408,3 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өсу қарқыны 2,1 пайызды құрады. Саланы дамытуға қаңтар-қыркүйекте 60,8 млрд. теңге инвестиция бағытталды, бұл 2017 жылғы қаңтар-қыркүйектегі көлемнен 11,6 пайыз артық.

Жыл басынан бері 69,6 мың тонна мал мен құс еті дайындалып, 464,4 мың тонна сүт сауылды, 615,9 млн. дана тауық жұмыртқасы алынды. Барлық мал түрі бойынша өсім бар. Атап айтқанда, ірі қара – 1,4 пайызға (369,7 мың бас), қой мен ешкі – 2,4 пайызға (397 мың бас), шошқа – 6,1 пайызға (202,9 мың бас), жылқы – 4,3 пайызға (120,3 мың бас), құс 4,1 пайызға (5,4 млн. бас) өсті.

Құрылыс. Құрылыс саласында да жетістіктер бар. Аталмыш кезеңде облысымызда 57,5 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Ол 2017 жылғы қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 42,3 пайызға жоғары.

Облыс аумағында тұрғындар мен жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жалпы ауданы 80,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда өсу қарқыны 5,5 пайызды құрады.

Тұрғын үйлердің 68,4 пайызы, яғни 58,4 мың шаршы метрі тұрғындардың өз ақшасы, 17,8 пайызы, яғни 15,2 мың шаршы метрі бюджет қаражаты, ал 13,8 пайызы, яғни 11,7 мың шаршы метрі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен тұрғызылды.

Инвестициялық қызмет. Инвестициялар көлемінің көрсеткіші де ауыз толтырып айтарлықтай. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 7,8 пайызға өсіп, 136,1 млрд. теңгеге жетті. Тартылған барлық инвестицияның 52,8 пайызы машиналар мен жабдықты сатып алуға, 37,8 пайызы құрылысқайта құру жұмыстарын жүргізуге бөлінді.

Облыс бойынша негізгі капиталға салынған жекеменшік инвестициялар көлемі 97 млрд. теңгені немесе 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекке қарағанда 91,8 пайызды құрады. Қаңтар-қыркүйек айларында ғимараттардың құрылысы мен күрделі жөнделуіне бағытталған инвестициялық салымдар 42,4 пайызға өсті.

Негізгі капиталға салынған инвестицияларды игеру бойынша ауыл, орман және балық шаруашылықтары – 44,7, көлік және қоймалау – 17,2, өнеркәсіп 16,5 пайыздық көрсеткішпен басым салалар болып отыр. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға инвестициялардың 9,8 пайызы бағытталды.

Жекеменшік инвестициялардың жоғары өсу қарқынын Мамлют (1,6 есе) және Тайынша (32,5 пайыз) аудандары қамтамасыз етті.

Сауда. Бөлшек саудада физикалық индекс көлемі 100,8 пайызды құрап, 160,8 млрд. теңгенің тауары өткізілді. Оның ішінде сауда жасайтын кәсіпорындар 66,8 млрд. теңгенің, жеке кәсіпкерлер 94 млрд. теңгенің тауарын сатты.

Бөлшек сауда жүйесі арқылы азық-түлік емес тауарлар көп сатылуда. Бұл көрсеткіш 114,3 млрд. теңгені, яғни бөлшек сауданың жалпы көлемінің 71,1 пайызын құрады.

Үстіміздегі жылғы қаңтар-қыркүйектегі көтерме сауда көлемі 242,2 млрд. теңгені құрады. Өсім – 117,5 пайыз. Көтерме саудадағы тауар айналымының құрылымында азық-түліктік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімге басымдық берілген (83,9 пайыз).

Тұрмыс деңгейі және еңбек нарығы. Жыл басынан бері кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есептемегенде, жалдамалы қызметкерлер саны 123,1 мың адамды құраса, ірі және орта кәсіпорындарда 75,7 мың адам еңбек етуде.

Жұмыспен қамтудың салалық құрылымында аздаған өзгеріс байқалды. Атап айтар болсақ, білім беру саласында 36 мың адам (29,3 пайыз), ауыл, орман, балық шаруашылығында, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсетуде – 15,1 мың (12,2 пайыз), ал өнеркәсіпте 12,8 мың адам (10,4 пайыз) еңбек етеді.

Еңбекақы. Еңбекақы төлеу саласындағы жағдай орташа айлық жалақының тұрақты өсуімен сипатталады. 2018 жылғы қаңтар-маусымдағы бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 2017 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 7,7 пайызға өсіп, 107670 теңгеге жетті.

Қаржы және сақтандыру қызметкерлерінің жалақысы – 198721 теңгені, құрылыста – 138107 теңгені, өнеркәсіпте – 108142 теңгені, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуде – 104090 теңгені, саудада – 92110 теңгені, білім беруде 94695 теңгені құрады.

Ең жоғары жалақы Петропавл қаласына (128513 теңге) тиесілі. Бұдан кейін Қызылжар (102405 теңге) және Аққайың аудандары (95171 теңге) тұр. Ең төменгі жалақы Мамлют (84552 теңге) және Ақжар (83260 теңге) аудандарында тіркелген.

Баға. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жыл басынан инфляция деңгейі 3,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары – 2,8 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 3,4 пайызға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 3,7 пайызға қымбаттады.

Осы кезеңдегі инфляцияның қалыптасуына халыққа көрсетілетін ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтердің өсуі өз әсерін тигізді. Атап айтқанда, тоғыз ай ішінде жемістердің бағасы 13,2 пайызға өсті. Алкоголь және темекі өнімдеріне баға өсімі 6,2 пайызды құрады, ет, ет өнімдері – 5,4 пайызға, сүт өнімдері – 5,2 пайызға, қант, кондитер өнімдері – 4,3 пайызға, алкогольсіз сусындар – 4 пайызға, балық және теңіз өнімдері – 2,7 пайызға, май және тоңмайлар 2,1 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, жас көкөністердің бағасы 14,9 пайызға төмендеген. Мәселен, қияр – 48,7 пайызға, қызанақ – 41,9 пайызға, пияз – 13,9 пайызға, картоп 10,5 пайызға арзандады. Сондай-ақ, жармалар – 12,4 пайызға, жұмыртқа – 8,4 пайызға, ұн 0,7 пайызға арзан бағамен өткізілді.

Жыл басынан бері газет, кітаптар мен кеңсе тауарларының бағасы – 5,4 пайызға, жуғыш және тазалағыш құралдар – 5,2 пайызға, киім мен аяқкиімнің жекелеген түрлері – 4,7 пайызға, фармацевтикалық өнімдер – 4,3 пайызға, үй тұрмысына қажетті заттар, тұрмыстық техника 3,3 пайызға көтерілген. Дизель отынының бағасы 21,5 пайызға өсті, ал бензин 3,2 пайызға арзандады.

Тоғыз айдың ішінде орталықтан жылыту – 6,3 пайызға, суық су мен кәріз – 8,5 пайызға, газ – 6,6 пайызға, электр энергиясы – 5,1 пайызға, ыстық сумен жабдықтау 5 пайызға көтерілді. Осы кезеңде қоғамдық көлік қызметінің 9,5 пайызға қымбаттауы да тұрғындардың қалтасына салмақ түсірді. Жыл басынан тарату жүйелері арқылы тасымалданатын газға тарифтер 14,1 пайыз өсті.

Шаштараз және жеке бас күтіміне арналған орындардың қызметтері – 7,1 пайызға, пошта қызметтері – 4,3 пайызға, мейрамханалар мен қонақүйлер қызметтері – 2,9 пайызға, білім беру 2,7 пайызға ұлғайды. Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтер бағасының өсімі 3,6 пайызды құрады. Теміржол жолаушылар көлігімен жол жүру бағасы 5,6 пайызға арзандаса, әуе көлігінің қызметтері 16,2 пайызға қымбаттады.

Демографиялық ахуал. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс тұрғындарының саны 555,9 мың адам болды. Оның 45,2 пайызы – қалалықтар, ал 54,8 пайызы – ауыл тұрғындары. Облыс халқының табиғи өсімі 352 адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 386 адам болған еді.

Облысымызда жаңа туған сәбилердің санында өзгеріс бар. Биыл 4800 сәби өмірге келсе, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 2,4 пайызға аз. Ал өмірден өткендердің саны 1,8 пайызға кеміген, яғни 4448 адамды құрап отыр. Халықтың негізгі өлім-жітім себептерінің ең көбі қан айналымы жүйесінің ауруларына (19,4 пайыз), тыныс алу органдары ауруларына (15,3 пайыз), ас қорыту органдары ауруларына (8,7 пайыз), жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттануларға (8,6 пайыз) тиесілі.

Биылғы тоғыз айда өңірімізде 2456 шаңырақ көтерілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға кем. Облысымыздың АХАТ органдарында шаңырағы шайқалған ерлі-зайыптылардың да саны азаймай отыр. Жыл басынан бері 1424 отбасы ажырасып үлгерді. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегіден 8,3 пайызға жоғары.

Облыстағы демографиялық жағдайға көші-қон өз әсерін тигізіп отыр. Қазақстанның басқа өңірлерінен 4017 адам көшіп келсе, 4966 адам өзге өңірлерге қоныс аударды.

Марал НҰРЖАУЫПОВА,

облыстық статистика департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp