«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕСИЕСІ БАРЛАРҒА ЖЕҢІЛДІК

Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Диас Мэлс пен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өңірлік өкілдігінің басқарма басшысы Алма Дәуренбекова жергілікті телеарналар арқылы баспасөз мәслихатын өткізді. Қаржыгерлер еліміздегі төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнес субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы мен несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тақырыбында әңгіме өрбітті.

– 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша біздің облыстағы екінші деңгейдегі банктердің филиалдары шағын бизнес субъектілеріне жалпы сомасы 29 млрд. теңге несие берген. Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты төтенше жағдайдың енгізілуіне орай көптеген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін шектеуге немесе тоқтата тұруға мәжбүр болды. Осыған байланысты төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық банк Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын әзірледі, – деді Диас Ержанұлы.
 Бұл бағдарламаны іске асыру үшін еліміздегі екінші деңгейдегі банктер арқылы 600 млрд. теңге бөлінді. Қаржы институттары бөлінген қаражатты үш ай ішінде игеруі тиіс. Қаржы төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзімге беріледі. Жылдық үстемеақысы 8 пайыздан аспайды. Бизнес қарыз қаражатын тауарларды және өзге де материалдық құндылықтарды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алуға, қорларды, шығыс материалдары мен шикізатты толықтыруға, ассортиментті кеңейтуге, шарттық міндеттемелерді орындауға, ағымдағы шығыстарды, оның ішінде әкімшілік шығыстарын өтеуге, мысалы, қызметкерлерге жалақы төлеуге, салықтар төлеуге және т.б. жұмсай алады.
Қаржыгерлердің айтуынша, жеке кәсіпкер үшін белгіленген шектеу – 50 млн. теңгені, ал шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін 3 млрд. теңгені құрайды. Бұл ретте жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы ешқандай салалық шектеулерді көздемейді. Қарыз талаптарын бұзғаны немесе өзгерткені үшін өндіріп алынатын комиссияларды қоспағанда, бағдарлама шегінде қарызды бергені және қызмет көрсеткені үшін комиссия алынбайды.
2020 жылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша күнтізбелік тоқсан күннен артық мерзімі өткен несиелік қарызы бар шағын және орта бизнес субъектілері, Қазақстан Республикасының резиденті еместер, акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке, олармен аффилиирленген тұлғаларға, сондай-ақ, жекеменшік мекеме ретінде тіркелген меншік нысанындағы субъектілерге және коммерциялық емес ұйымдарға тиесілі құрылтайшылары (оның ішінде қатысушылар, акционерлер) мемлекеттік кәсіпорындар (мекемелер), ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар мен ұйымдар қаржыландырылмайды.
Ұлттық банкі филиалының басшысы коронавирустық инфекцияға байланысты халықтың қаржылық жағдайын қолдау үшін “7-20-25”, сондай-ақ, “Баспана-хит” тұрғын үй бағдарламаларына өзгерістер енгізілгенін айтты. Пандемияның таралуы және елде төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға төлемдерді күнтізбелік тоқсан күнге дейін кейінге қалдыру көзделген. Клиент қаржылық жағдайының нашарлау себептерін көрсетіп, еркін түрде өтініш жазып, сол өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты сканерлеп немесе суретке түсіріп, өзіне несие берген банкке интернет арқылы жіберуі керек. Бұл жағдайда одан бөлек құжаттар, мысалы, жұмыс орнынан анықтама талап етілмейді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp