Қызылжарлық Әйгерімнің үлкен әулетке келін боп түскеніне он жылдан асты. Бірақ әлі күнге дейін сәби сүйе алмай жүр. Осыдан жеті жыл бұрын денсаулығынан кінәрат тапқан ақ халаттылардың ұйғарымымен екі рет жасанды түсік жасатуға тура келген. Бұдан соң дәрігерлер жатыр түтігін алып тастаған. Басқа амалы қалмаған келіншек енді жасанды жолмен ұрықтандыруды байқап көрмекші.
Елімізде жыл өткен сайын Әйгерім сынды сәби сүйе алмай отырған әйелдердің қатары көбейіп барады. Мәселен, облысымыз бойынша отбасылардың 30 пайызы бала күлкісіне зәру деген дерек бар. Сауалнама көрсеткендей, жерлестеріміздің 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негізгі себеп деп санайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өзінде ата-ана атануға ниетті 2 мыңнан астам жұп тіркелген екен. Құзырлы органның мәліметінше, олардың ішінде 860 келіншек бірде-бір рет бала көтермеген. Дәрігерлер мұндай жағдайдың белең алуына бірнеше фактор әсер ететінін айтады. Атап айтсақ, бұл тізімнің ең басында экологиялық жағдай, күнделікті тағам сапасының нашарлауы, қыз-келіншектердің өз денсаулығына жүрдім-бардым қарауы сияқты жайттар тұр. Өндіріс ошақтарының көбеюі, ауаға таралатын улы заттардың артуы репродуктивті жастағылардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайтыны тағы бар. Осының салдарынан жыл өткен сайын халық арасында нәрестелі болу мүмкіндігі төмендеп, аурулар түрі де, саны да көбейген.
Сондай-ақ, бедеулікке жыныстық қатынас мәселесіндегі білімсіздік те себеп болуда дейді мамандар. Кездейсоқ адаммен жыныстық қатынасқа түсу, ер адамда да, әйелде де ұрық санының азаюына және түрлі қабынулардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Сондықтан бедеулікті туабітті сырқат деп санау – қателік. Ол көбіне жүре пайда болып, жоғарыда аталған фактілерден және суық тию мен жыныстық инфекциялардың қабынуы салдарынан өрши түседі. Жасанды түсік жасату да – екінші рет сәби сүйе алмауға әкеліп соқтыратын себептердің бірі.
Облыстық перинаталдық орталық жанындағы бөлімнің меңгерушісі Светлана Дятлова перзент сүюге зар болған жұптардың мәселесін шешу бағытында бірқатар шаралардың қолға алынғанын айтады.
– Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында экстрокорпоралды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, Президент Үкіметке “Аңсаған сәби” арнайы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл бастама көптеген мәселені шешуге негіз боларына сенеміз, – деген дәрігер бүгінгі күнге дейін өңіріміз бойынша ЭКО жасатуға жылына тек 34 квота бөлініп келгенін айтып, қынжылды. Әрі оның бәрінде дерлік ұрықтандыру сәтті бола бермейді. 34-тің, шамамен, 17-20-сында ғана бала бітеді екен.
Жасанды жолмен перзент сүю тәсілі қолға алынғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Елімізде алғаш рет 1996 жылы жүзеге асқан. Жасанды жолмен дүниеге келген алғашқы нәресте “Экомед” медициналық орталығында туған. Соңғы он жылда осы әдіс арқылы перзент сүюге ниетті отбасылардың саны көбейіп келеді. Біздің өңір сол тізімнің көш басында тұр. Квота аз бөлінетіндіктен, тұрғындар ақылы клиникаларға жүгініп, қыруар қаржы жұмсауда.
– Көп жылдан бері бала сүйе алмай жүрмін. Сол себепті жасанды жолмен сәбилі болуға ниеттімін. Президентіміздің отбасылық-демографиялық жағдайды түзеу бойынша бастамаларын естігенде, қатты қуандым, – деді Әйгерім.
Дәрігерлер ұрықтың ағзаға бітуі, ең алдымен, ананың денсаулығына, одан алынған эмбрионға тікелей байланысты екенін айтады. Тың әдіспен дүниеге келетін баланың денсаулығына күмәнмен қарайтындар да аз емес. Алайда, бұл баланың денсаулығына ешқандай әсер етпейтінін айта кеткен жөн.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.