Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртке оранды. Тілсіз жау екі адамның өмірін қиды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басқарма бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Денис Шуваевтың айтуынша, Зерновая көшесінде тұратын ерлі-зайыптының отбасында орын алған қайғылы оқиға таңертең болған. Бұл күні әйелі жұмысқа кетіп, күйеуіне қызын балабақшаға апаруды тапсырған. Алайда, отағасы ұйықтап қалған. Кейін белгілі болғандай, электр сымы қысқа тұйықталып, желіге қосулы тұрған жылытқыштан от шыққан.
Оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер үйдің құлыптаулы есігін бұзып, 1984 жылы туған ер адамның мүрдесін және жуыну бөлмесінен жалыннан жасырынған 5 жасар қыздың жансыз денесін тапты. Өрттің жалпы ауданы 4 шаршы метрді құрады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.