«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ноқтаға басы сыймаған

Жерлесіміз Жәлел Қизатов ата­мыз – елжандылық қасиетімен ерекшеленген асқақ тұлғалардың бірі. Жастық жалыны еңбекте лаулаған жас жігіт өзіне тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарап, зор ынта-жігермен атқарды. Сол кездегі халық арасындағы сауатсыздықты жоюға белсене араласып, бастауыш білім беру бағдарламаларының жүзеге асуына зор үлесін қоса білді. Осылайша, шыңдалу мектебінен өткен жас ұстаз ауылдастарының білімге деген сүйіспеншілік сезімін арттыруда аянып қалған жоқ. Өзінің терең білімімен, жоғары ұйымдастыру шеберлігімен, еңбекқорлығымен ерекше құрметке бөленді.

Жәлел Қизатовтың 1943 жылы Днепр өзені үшін өткен жан алып, жан беріскен жойқын шайқаста теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болуы еліміздің шежірелі тарихи жылнамасына мәңгі жазылып қалғаны талассыз ақиқат. 1945 жылы жас офицер запасқа шы­ғып, туған еліне оралады. Елінде партия, кеңес және шаруашылық жұмыстарында қызмет атқарады. Соғыстан кейінгі жылдар кезеңінде оның жаңа қырлары ашыла түседі. Жоғары билік өкілдерінің тапсырмасына сәйкес өлкенің саяси-әлеуметтік дамуына бел шеше кіріседі. 1946-1947 жылдары Совет ауданы партия комитетінің хатшысы, 1947-1950 жылдары Ленин, 1952-1957 жылдары Булаев ауатком төрағасы болып қызмет атқарады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады. Таман дивизиясы атындағы кеңшарды, Қарақоға элеваторын басқарады.

Соғыстан кейін Қазақстан аумағында да жұрттың аш құрсақ екені, тойып тамақ ішпейтіні анық байқалып тұратын. Солтүстік Қазақстан облысында егістік көлемі: 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда 8,4, оның ішінде дәнді дақылдар алқабы – 15,8, ал бидай себу 38,7 пайызға азайып кеткен болатын. Ел ішінде қуаңшылық белең алып, ауыл шаруашылығына үлкен қатер төнеді. Ауылда еңбек ететіндердің әлеуметтік жағдайы да, күнкөрісі де күрт қиындап кетеді. Ұжымшарларда әскери тәртіп орнатылып, адамдарға әділдетсіз зорлық жасалады. Шексіз талаптарға мойынсұнбағандар қудалауға ұшырады.

Облыстық партия комитетінің 1948 жылы өткен ІІ пленумында сөйлеген сөзінде Ж.Қизатов ауыл шаруашылығының жағдайын сипаттай келіп, ащы шындықтарды жайып салады. “Біз 1947-1948 жылдары біраз жаңа трактор ал­дық. Бірақ ол мүлдем жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығы толық меха­никаланған жоқ. Әлі де болса күш-көліктің үлесі көп. Ауыл шаруашылығының мамандары, агрономдар облыс орталығында отырып қалған. Шаруашылық жайынан хабарсыз”, деді.

Атамыздың ойынша, аграрлық саясатты жүргізудің маңызды тетігі кеңшар басқармаларын дұрыс іріктеу және оларды міндетті жоспарларды жүзеге асыруға бағыттай білу еді. Сол кезде “кеңшарлардың мемлекетке астық тапсыру нормаларын орындау көбінесе басқармаларға байланысты еді” деген көзқарас үстем болды. Осылайша, сөз жүзінде “өз жарғысы негізінде ұйымдасып, басқарылады” деп жарияланған ұжымдық шаруашылық демократиясы туралы қағиданы көпе-көрнеу аяққа басып, мемлекеттің кеңшарлардың ішкі ісіне орынсыз араласуы келеңсіз зардаптарға соқтырғанын Ж.Қизатов еш қаймықпастан өткір сынға алды. Басқарма төрағаларының жұмысшылар алдында есеп бермеуі, қаржыны, мүлікті және өндірілген өнімді өз бетімен, өз қалауынша ұстауы шаруашылықты жүргізуге кедергі келтірді. Кеңшар басшылары адамдардың тағдырын өз еркімен шешуге, тіпті тұрған жерінен басқа жаққа көшіруге дейін құзырлы болды. Еңбек-күнге берілетін астық, шаруалардың жеке табысының мөлшері де оларға тәуелдітұғын. Осындай көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұрған кемшіліктерді сынап қана қоймай, алға қойған мақсатқа жетуге жігерлендіріп, тұйықтан шығудың жолдарын ұсынады. Мал шаруашылығын қиын жағдайдан құтқару үшін жемшөп базасын жасап, көпжылдық шөп өсіру және малды сумен қамтамасыз ету қажет деп, мәселені төтесінен қояды.

Ол өзінің атақ-даңқының саясын сағалаған жоқ. Тың игеру жылдарында да, одан кейінгі ауылдың қиыншылыққа толы тұр­мыс-тіршілігінде де сол баяғы майдандағыдай “жауып тұрған оқтан жалтарған емес”. Ымыраға келіп, илікпейтін, әскери тік мінезді ол жоғарыдағылардың тарапынан талай рет сөгіс алды. Ол кездері әміршіл-әкімшіл жүйе нақақтан-нақақ қысым көрсетудің сылтау мен себебін оп-оңай табатын. Облыстық мемлекеттік архивте сақталған құжаттарда оның өмірбаянының кейбір тұстары көрнекті түрде баяндалған. Мысал ретінде айтатын болсақ, 1957 жылы Жәлел Қизатов сол кездегі қорғаныс министрі маршал Г.К.Жуковты лауазымынан босату туралы КОКП ОК пленумының қазандағы шешіміне ашық қарсы шыққан. Бұл әре­кетіне “Тов. Кизатов продолжая антипартийные разговоры считал действия ЦК КПСС в части Жукова неправильными, а его освобождение не заслуженным”, деген “баға” берілген. Бұлай бетке тіліп айтуға облыстық, республикалық, тіпті одақтық деңгейдегі басшының батылы жетпесі анық. Бұл жерде Ж.Қизатовтың майданда даңқты қолбасшының басшылығымен соғысуы ғана емес, шын мә­нінде жерлесіміздің ақыл-ой мен адамгершілік сезімін әрқашан биік ұстауында еді.

Өткен ғасырдың орта тұсында елде орын алған “жазалау, қуғын-сүргін тәртібі” жойылып, Сталиннің кезінде жазықсыз қудаланған жандарды жаппай ақтау шаралары жүріп жатты. Бірақ қанша жер­ден жылымық жел ессе де, партиялық ортада “басы артық сөз сөйлеуге” болмайтын. Мәскеудегі кезекті мәжіліске басқа әріптесте­рімен бірге сапарға шыққан Ж.Қизатовтың пойыз купесінде болған “ашық сұхбаты” “жариялылықтың игілігі” десе де болады. Облыстық пар­тия комитетінің бюро отырысында нар тұлғалы батырдың партияға “қарсы тәртібі” арнайы талқыланып, “Тов. Кизатов …вел антипартийные разговоры, осуждающие решения Пленума ЦК КПСС по антипартийной группе Маленкова, Кагановича и Молотова, считая решения неправильными, а смещение их с занимаемых постов и вывод из состава ЦК и Президиума ЦК КПСС как необоснованное избиение видных работников”, деген шешім қабылданады. “Қазақстан Компартиясының ОК-нің бірінші және екінші хатшылары неге жергілікті жерден емес, “шеттен” әкелінеді? Неге коммунистер орталықтың өзі тағайындаған адамын сайлау үшін барлығы бірауыздан қолдап қол кө­тереді?” деген секілді заңды әрі ұсыныс-пікірлері батырды бірден “ұлтшылдар” қатарына қосқаны сөзсіз. Осының өзінен-ақ Қизатов­тың қызмет жолының өрге баспа­уын түсінуге болады. Принципті азамат, дарынды басшының үстінен, оның ішінде, ең жоғары партия және совет басшылық сатыларына жолданған арыз-шағым түріндегі жала аз емес. Олардың бәріне есіл ер ісімен, адал ниетімен жауап берді. Өз есіміне қылау түсірместен өмірден таза күйінде өтті.

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp