Ұзақ уақыт бойы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, пікірталас сайыстарына қатысқан үміткерлер үшін праймериздің дауыс беру кезеңі 1 қазанда басталып, 4 қазанда аяқталды. Ол онлайн режімінде ұйымдастырылып, «Nur Otan» партиясына мүше сайлаушылар «Праймериз-2020» қосымшасы болмаса арнайы сайт арқылы өз таңдауларын жасады. Сайлау учакелеріне келіп, бюллетень толтыру арқылы да дауыс берді. Шалғай ауылдардағы партия мүшелері және интернетке шығу мүмкіндігі жоқтар үшін осындай мүмкіндіктер жасалды.
Праймериздің алдын-ала жарияланған қорытындыларына қарағанда, дауыс берушілердің саны 581103 адам болды. Партияластардың онлайн-форматта дауыс беру көрсеткіші 73,8 пайызды, бюллетень бойынша 99,2 пайызды құрады. Өңірлер арасында Атырау /93,1 пайыз/, Ақмола /90 пайыз/, Алматы /85,2 пайыз/ облыстары ең жоғары дауыс жинады.
Жалпы алғанда, праймеризге 10990 үміткер қатысты. Олардың 36,9 пайызы – әйелдер, 29,6 пайызы – жасы 35-ке жетпеген жастар. 3090 үміткер бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылды. 7900 үміткер – өзін-өзі ұсынғандар.
Үгіт-насихат жұмыстары барысында 60 мыңнан астам кездесу өтіп, 1,4 млн.-ға жуық адам қамтылды. 216 сайлауалды бағдарлама жарияланып, 20 мыңдай ұсыныс-пікірлер айтылды.
Облыста дебатқа қатысуға 645 үміткер ниет білдірсе, соның 632-і ақтық кезеңге өтті. Дауыс беру онлайн форматта және дәстүрлі тәсілмен – бюллетеньдер бойынша өткізілді. Бұл үшін нұротандықтар primaries.kz сайты және «App Store» мен «Play Market»-те қолжетімді «Праймериз» мобильді қосымшасын пайдаланды. Сөйтіп, 20 мыңнан астам партия мүшесі онлайн дауыс берсе, 7 мыңнан астамы дәстүрлі түрде таңдау жасады. Партия мүшелері бірден бірнеше кандидаттың пайдасына таңдау жасай алды. Дауыс берудің барлық процесін бақылаушылар мен партиялық бақылау комиссияларының өкілдері бақылады.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өзінің «Facebook»-тегі парақшасында праймериз қатысушылары үшін өз таңдауын жасағаны туралы айтты.
«Бүгін мен «Праймериз» ақпараттық жүйесінде «Nur Otan» партиясы Петропавл қалалық филиалынан кандидаттар үшін дауыс бердім. Нұротандықтарға праймериз қатысушылары үшін саналы таңдау жасап, лайықтыларға дауыс беруге шақырамын», – деп жазды партияның өңірлік филиалының төрағасы.
Өз бетінше дауыс беру мүмкіндігі жоқ адамдар үшін компьютерлермен жабдықталған, қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған 200 арнайы учаске құрылды. Алғашқы дауыс бергендердің қатарында «Әйелдер күштері» жергілікті альянсының төрайымы Бақытжан Сәмиева де болды. Кандидаттардың қоғамдық пікірталастары оның ерекше қызығушылығын тудырыпты. «Біз үміткерлердің белсенді жұмысын көрдік. Әрқайсысы өзінше қызықты бағдарламасын дәйектілікпен қорғады. Мен бүгін түнде кандидаттар үшін дауыс бердім. Сайыстың барысын мұқият қадағаладым. Өте қызықты кезеңге айналды. Әр қатысушы пікірталас кезінде өзін жақсы қырынан көрсете білді. Сайлаушылардың таңдауы түскен жаңа тұлғалардың, белсенді азаматтардың елге зор пайда тигізеріне кәміл сенемін», – дейді Бақытжан Мағжанқызы.
«Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Ербол Исақаев праймериз тартысты бәсекеде өткенін, нақты мәселелер көп қозғалғанын жеткізді. Университеттен праймеризге 12 адам қатысса, екеуі – студент. Ол бағдарламалары ұнаған кандидаттарға дауыс беріпті.
Ілияс САБДИНОВ,
«Nur Otan» партиясы
СҚОФ-ның баспасөз
хатшысы.
.