
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатында халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап берді.
Президентпен жүргізілген бұл ауқымды сұхбатта айтылған мәселелердің барлығы да қоғамымыз үшін маңызды екеніне сөз жоқ.
Сұхбат басында журналистер тарапынан қойылған сұраққа орай Президент: “Өздеріңіз көріп отырсыздар, мен Жолдауды қашан жарияладым? Ал одан кейін бір айдағы Ресейде болатын жағдайды ешкім де ойламаған болатын. Жалпы мен сараптап келіп, дүниежүзілік экономикада осындай жағдайдың жақындап қалғанын біліп отырдым. Сондықтан да бұл – алдын ала ойластырылған қадам”, – деді.
Өз сөзін сабақтай түскен Мемлекет басшысы Жолдауда айтылған жаңа экономикалық саясатқа назар аудара келіп, көлік инфрақұрылымы тұрғысында кеңінен баяндап берді. “Біз Қостанайдан Ақтөбеге дейін 300 шақырым жол салдық. Неге? Себебі, Қостанайдан Ақтөбеге келу үшін үш рет Ресейге кіріп, екі рет шекаралық тексеруден өту керек болатын. Сондықтан қанша қиын болса да, біз солай әкелдік, ал нәтижесінде жол бойында ауылдар, мекемелер пайда болды, қозғалыс жанданды. Бұл ғана емес, оңтүстікті алып қарайық: бір кездері Жетісайдан, өзбек ағайындардың ішінен Шымкентке келе алмай қалдық қой. Алдымен Өзбекстанға кіріп, сосын сол арқылы келетінбіз. Сондықтан да Шардараның үстінен көпір салуға тура келді. Мұнымен қоса, Көксарай су қоймасын салдық, жылда Қызылорданы су басу қаупі туатын еді, су қоймасы арқылы бұл проблема шешімін тапты. Ал кейінгі, Қорғастан Жетігенге, Арқалықтан Жезқазғанға, Жезқазғаннан Бейнеуге дейін 1500 шақырымды бітірдік. Осы арқылы Қазақстанда біз ішкі теміржол желісін аяқтадық. Яғни, біз теміржол желілерін Қазақстанда толығымен қамтып отырмыз деп айтуға болады”, – деді Нұрcұлтан Назарбаев. Бұған қоса Елбасы: “Нұрлы Жол” тек қана теміржолдар мен автокөлік жолдарын ғана емес, электр желілерін де қамтиды. Бұл ретте жаңа электр стансалары салынбақ. Бұдан бөлек, тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы дамиды. Бір сөзбен айтқанда, біз 2007-2009 жылдардағы дағдарыста тәжірибе жинақтадық. Бүкіл әлем мойындап, жақсы деп бағалаған дағдарысқа қарсы бағдарлама бізде болды. Біз бұл жолы сол тәжірибені пайдаланып қана қоймай, оны толықтырдық. Мәселен, шағын және орта бизнесті алып қараңыз. Жұмыс орнын ашатындар солар. Сондықтан да “Нұрлы Жол” бағдарламасы бұл бұрыннан ойда жүрген, сосын бірнеше ұрпақтар бойы жалғасатын жоба. Мәселен, бүгінгі күні біздің осы бағдарлама аясында салған нысандарымызда балаларымыз ғана емес, немерелеріміз де жұмыс істейтін болады. Сондықтан “Нұрлы Жолдың” елге берер игілігі көп”, – деді Президент.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы мұнай бағасының төмендеуіне қатысты еліміздің ұстанатын бағыты бар екенін де жеткізді. Оның айтуынша, егер мұнай баррелі 40 АҚШ долларына дейін түссе, Қазақстанның қолға алатын жоспары бар екенін алға тартты. Осы орайда Президент: “Мен бұдан бұрын айттым, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді қандай жағдайда да төмендетпейтін болады. Яғни, зейнетақы, қорғаныс және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақылары төмендетілмейді. Халқымыз алаңдамасын. Егер мұнай баррелі 70, 60, 50, тіпті, 40 АҚШ долларына дейін түскеннің өзінде, Қазақстанның қолға алатын жоспары бар. Бұл жоспар жұмыс істеуде және менің жіті қадағалауымда. Неге мен ол туралы сенімді айта аламын?! Себебі, бізде қиын-қыстау күнге деп сақтаған қорымыз бар. Ол халықтың ауқатын түсірмей, өмір салтын жақсы деңгейде ұстап тұруға жетеді”, – деп атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев: “Халықтың банктердегі салымдарына мемлекет кепілдік берген. Сол мақсатқа арнайы қор құрылған. Ал валюталар бағамдарының ауытқуы – әрқашан бола беретін құбылыс. Әлем бойынша валюта бағамының ауытқуы қалыпты жағдай. 50 жыл бұрын доллар құны қанша болды, қазір қанша? Қазақстанда біз теңгеге өмір сүреміз: теңгеге нан сатып аламыз, теңгеге жолақы төлейміз, теңгеге киім сатып аламыз. Неден алаңдаймыз? Ішкі тұрақтылықты, әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етеміз”, – деді.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ел экономикасына әлемдік 100 компания инвестиция құятынын мәлім етті. “Біз кәсіпорындардың, тіпті, жаңа үлгілерін шығаруға талпынамыз. Қазір әлемнің ірі 100 компаниясы Қазақстанға қаражат құюға дайын”, – деді ол.
Президент еліміздің рухани өміріне де қатысты көкейкесті мәселелерге де кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы айта келіп, жастарға қазақ халқының тамыры тереңде жатқанын түсіндіру қажеттігіне назар аударды. “Біздің сан ғасырлық тарихымыз бар. Оның ізі бүкіл Қазақстанның жерінде сайрап жатыр. Жайық бойында, Ұлытау маңында, Түркістан төрінде қаншама хандарымыз бен сұлтандарымыздың, ата-бабаларымыздың мәйіттері жатыр. Біз соның бәрін кезінде оқымадық, білмедік. Тарихымыз Кеңес Одағынан басталады деп келдік. Енді егемендігімізді алып, есімізді жинадық, тарихымызды түгендейтін кез жетті. Соны біз Қазақ хандығының 550 жылдығынан бастайық деп отырмыз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз сөзін сабақтай түскен Мемлекет басшысы терроризмді ислам дінімен байланыстыру ақылға қонымсыз екеніне екпін сала сөйледі. “Ислам” дегеннің өзі араб тілінен аударғанда бейбітшілік деген сөзді білдіреді, сондықтан да ислам терроризмі деген қисынсыз. Терроризмде ұлт та, дін де жоқ. Мәселен, “ИГИЛ” аталып жүргенді қараңыз. Олардың арасында еуропалықтар, соның ішінде ағылшындар да, француздар да жүр. 300 француз сол ұйымға енген. Орталық Азиядан да, Түркиядан да, басқа жақтан барғандар да бар. Оларда ұлт та, дін де жоқ. Мұнда қандай да бір принциппен біріккен, ақша үшін жұмыс істейтін адамдар бар. Мен исламға терроризмді телуді еш қолдамаймын. Ал біздің ішімізде айтылатын әңгіме ислам негізінің дұрыс түсінігіне бағытталуы тиіс. Ол үшін сауатты уағыздар болуы керек. Мешіттер салынып жатыр, мешітке баратын адамдар да көп. Құранда: “Бір адамды өлтірсең, адамзатты өлтіргенмен бірдейсің”, – деген сөз бар. Ал ендеше дінге телінетін қандай терроризм бұл? Сондықтан да жалпы терроризм дегеннің өзін адамзатқа қарсы шыққан жау ретінде көруге тиіспіз, бұдан жастарымыз алыс болуы керек. Қазір қаражаты, жағдайы жоқ, жұмыссыз, ауру-сырқау адамдарға ақша беріп, кейбіреуін отбасымен бірге сол жаққа апарады, әйелдері қайтамын десе, оларды жібермейді. Осы тұрғыдан халыққа, соның ішінде жастарға айтарым: олар осындай жаман пиғылдан, болашағы бұлыңғыр пиғылдан аулақ болуы керек”, – деді Президент.
Сұхбаттың соңына қарай Нұрсұлтан Назарбаев елімізге 2022 жылы қысқы Олимпиаданы өткізу не үшін қажет екенін де айтып берді.
Президент: “Мұндай үлкен спорттық шараны мемлекетіміз бен Алматының абыройын асқақтату үшін өткізгіміз келеді. Кейбір адамдар “шығын көп кетеді, мұның өзі қажет пе, жоқ па?” деп ойлайды. Мен де бұл туралы көп толғандым, көп ақылдастым. Бірақ бұл жерде бірнеше нәрсені естен шығармау керек. Бізде, Алматыда Олимпиадаға жарайтын биік тау сырғанағы, әлемдік дәрежедегі трамплин де дайын, сондай-ақ, биатлон жолын Азиадаға арнап салғанбыз. 2017 жылы қысқы Универсиада болады, қазір біз жаттығатын және негізгі ойындарға арналған 12 мың орындық 2 стадионның құрылысын аяқтап қалдық”, – деді.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, Халықаралық Олимпиада комитеті ойындарды екі қалада өткізуге болады деген шешімді қабылдап қойған. “Біз Астанадағы стадион мен жабық мұз айдынын да пайдаланамыз. Ал енді ірі ғимараттардан олимпиадалық қалашық салынады. Бірақ біз онсыз да Алматы студенттеріне, жастарға жатақханалар салуды жоспарлап жүрміз. Ал спортшыларға салынған баспаналар Олимпиададан кейін сол жатақханалардың рөлін атқаратын болады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, Олимпиада аяқталған соң да барлық нысандар түгелдей қолданысқа беріледі. “Әрине, қаланың инфрақұрылымын жақсарту қажет болады, қонақтар көп келеді, сондықтан қаланы кеңейтіп, тазарту қажет. Ең үлкен спорттық шығын – бобслейге арналған трасса болмақ. Ол Алматыда әзірге жоқ. Сондықтан шығындар болады, бірақ барлығы біз ойлағандай емес. Халықаралық Олимпиада комитеті 1 млрд. доллар бөлуге уәде беріп отыр”, – деп атап өтті Президент.
Жолдыбай БАЗАР.
Egemen.kz