Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың төрағалық етуімен “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын енгізу”, “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының” бірінші бағытын жүзеге асыру бойынша кеңейтілген отырыс өтті.
Оған облыстық білім беру жүйесі, жергілікті полиция қызметі, кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшылары, аудан (қала), ауылдық округтер әкімдері, колледждер директорлары, әлеуметтік әріптестер, тағы басқалары қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында үстіміздегі оқу жылынан “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы басталғанын айтты. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдарды қамту көзделген. Кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар даярлауға ден қою керек.
– Облыста 12 мыңнан астам студенттің 27,6 пайызы өңір экономикасының ауыл шаруашылығы, көлік, өнеркәсіп, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, энергетика, байланыс және ақпараттық технологиялар, білім беру, медицина, мәдениет, қызмет көрсету салаларындағы жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. Мемлекеттік тапсырыс аясында оқып жатқан студенттерге – 16759 теңге шәкіртақы, 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жол жүру ақысы төленеді. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған және тұрмысы төмен отбасыларының 1440 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Биыл 3621 білікті жұмысшы кадр мен орта буын мамандары оқу бітіреді. Қазіргі таңда оларды жұмыспен қамту бойынша алдын ала мониторинг жүргізілуде, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова.
Үстіміздегі жылы колледж түлектерінің 72 пайызын жұмысқа орналастыру көзделген. Оған барлық деңгейлердегі әкімдердің атсалысулары қажет. Жаңа оқу жылына 3523 оқушы қабылданбақ. Оның 2416-сы – жұмысшы мамандықтарына, 1110-ы білім, медицина, өнер салаларына барғысы келеді. Соның ішінде 50 адам “Серпін – 2050” бағдарламасы аясында оқитын болады.
Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова:
– Қазір біздің алдымызда жастарды әлеуметтік бағдарлау және бейімдеу үшін “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасын табысты жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану міндеті тұр. Ол үшін барлық санаттағы азаматтарды, соның ішінде мүгедектерді, жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды, тәуекел топта тұрған мектеп түлектерін қамтуымыз керек, – деді.
Осы мақсатта Айыртау, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, Уәлиханов, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласында ұтқыр топтар құрылып, белсенді жұмыс жүргізуде. Ақжар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бұл жұмыс әлі қолға алынбаған. Анархан Қалиқызы білім бөлімдері басшыларына үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасына қатысушылардың базасы құрылуы қажеттігін қатаң ескертті. Білім басқармасы жалпы білім беретін мектептердің түлектеріне мониторинг жүргізіп отыруы және жұмыспен қамтылмаған өткен жылғы түлектерді де тегін жұмысшы мамандығын алуға тартуы қажет. Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова аудан, қала әкімдеріне 1 сәуірге дейін ведомстволық құрылымдармен бірлесіп, еңбек нарығына қажетті кадрларға талдау жасауды, жұмысшы мамандығының беделін арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысты белсенді жүргізуді тапсырды.
Облыс колледждері екі деңгейлі оқыту үдерісін енгізуге дайындық жүргізіп жатыр. Осыған орай білім мекемелері жаңа мамандықтарға лицензиялар алуда. Бұл жұмысты жеделдетіп, 1 қыркүйекке дейін бітіру қажет. Тегін кәсіптік-техникалық білім беру қысқамерзімді кәсіптік оқыту арқылы жүзеге аспақ. Бүгінгі күні қысқамерзімді оқыту облыстың 15 колледжінде 30 мамандық бойынша жүргізілуде. Сондай-ақ, 6 оқыту орталығы қызмет көрсетуде. Оның үшеуі: “Мұнаймаш” АҚ-да, “Қазтелерадио” АҚ облыстық филиалында, “Әскери киімдер тігін фабрикасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, тағы үшеуі колледждер жанында жұмыс істеп тұр. Өндірістік тәжірибеден өту және түлектерді жұмыспен қамту бойынша колледждер мен әлеуметтік серіктестер арасындағы бірлескен жұмысты, дуалдық оқытуға көшуді күшейту міндеті қойылды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.