«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСЫМЫЗДА ДІНИ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Бұл жайында “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында кезекті баспасөз конференциясын өткізген облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратбек Зейнуллин мәлімдеді. 

– Облысымызда діни негізде азаматтар арасында ешқандай келіспеушілік туындаған жоқ. Мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер арасында өзара сындарлы қарым-қатынас дамуда. “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заңға сәйкес облысымызда 132 діни бірлестік пен олардың филиалдары тіркелген. Олардың ішінде 64-і “Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы” республикалық ислам діни бірлестігінің филиалдары болса, 31-і – жергілікті православие, 11-і – католик, ал 26-сы – протестант шіркеулері. Діндарларға 162 ғибадатхана қызмет көрсетеді, – деді басқарма басшысы.  

Дәстүрлі дінмен қатар өңірімізде протестанттық діни бірлестіктердің Інжілдік-Лютерандық, Інжілдік Христиан баптистері, Новоапостоль шіркеулері белсенді қызмет етіп келеді. Діни қызмет жөніндегі заң аясында Иегова куәгерлері, “Еммануил”, “Новая жизнь”, “Благодать” шіркеулері, “Свет истины”, “Святость” және “Агапе” шағын діни қауымдары да қызмет етіп жүр. Ведомствода 5 алыс және таяу шетелден келген 43 миссионер тіркелген. Олардың басым көпшілігі рим-католик шіркеулерінің өкілдері болып табылады.

Діни эстримизмнің алдын алу бағытында басқарма жанынан ақпараттық-насихат тобы құрылған. Діни экстримизмнің алдын алу бойынша ақпараттық-насихат топ мүшелеріне басқарма 4 ақпараттық-әдістемелік материал, 20-ға жуық дайын мәтін дайындады. Экстремистік діни ұйымдардың радикалдық идеологиясының түпкі көздегенін әшкерелеу мақсатында түсірілген 30-дан астам бейнефильм таратылды. Үстіміздегі жылы ақпараттық-насихат тобының дәрістеріне 5 мыңдай адам қатысты.  

Баспасөз конференциясы барысында қайта тіркеуден өтпеген діни бірлестіктер жайында сұрақтар қойылды. Бұл тізімде “Петропавл татар-башқұрт діни қауымы” діни бірлестігі бар. Аталмыш діни бірлестік өз жұмысын тоқтатқанымен, “Дінмұхаммед” мешіті қызметін жалғастыруда. Жақын арада ол мешітке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаңа имам тағайындамақ.

Өткен жылы діни қызмет жөніндегі заң ережелерін бұзғаны үшін 5 әкімшілік іс қозғалды. Діни әдебиеттерді рұқсат етілмеген орындарда таратқан 2 азамат пен тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне қатысқан тағы 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз миссионерлік іспен айналысқан 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp