Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта өткен салтанатты шара барысында спортта биік белестерді бағындырған, болашағынан үлкен үміт күттіретін 20 спортшыға облыс әкімі Ерік Сұлтановтың шәкіртақысының сертификаты табысталды.
Олардың барлығы – үстіміздегі жылы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде ашылған “Спорт жөніндегі жаттықтырушы” мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер. Жас спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.
– Бүгінде өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қолдауымен ашылған мамандық бойынша 50 адам тегін білім алып жатса, оның ішінен іріктеліп алынғандар өңір басшысының шәкіртақысына ие болып отыр. Енді жергілікті спорт мектептерінің түлектері арнайы оқу орнын іздеп, өңірімізден кетпей, туған қалаларында спорттық білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр, – деді Анархан Қалиқызы.
Одан кейін сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин мен грек-рим күресінен КСРО-ның құрметті спорт шебері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов спортшыларға толағай жетістіктер тіледі.
Белгілі болғанындай, жаңа ашылған мамандыққа түскен ұл-қыздардың 25-і – қазақ тобында, ал қалғандары орыс тобында білім алуда. Сонымен қатар, оқуға өңіріміздің спортшыларымен бірге Ақтөбе мен Қызылорда облысының студенттері қабылданған. Енді үш жыл бойы бапкерлік мамандығын меңгеретін студенттердің барлығы – спорт шебері және спорт шеберіне үміткерлер, республикалық және халықаралық сайыстардың жеңімпаздары. Облыс әкімінің шәкіртақысына ие болған 20 студент ай сайынғы шәкіртақысына қосымша 20 мың теңге алатын болады.
Шара барысында облыс әкімінің шәкіртақысына ие болған спортшылардың бірі – грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер Сағдат Ахметов өңір басшысына алғысын айтып, сенімді ақтауға бар күш-жігерін салатындығын жеткізді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.