Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның алғашқы маңдай тірері – дәрігер. Атақты Ибн Сина өмір сүрген дәуірден бүгінге дейін арқауы үзілмей жеткен кәдімгі классикалық медицинаның игілігін көрмеген жан кемде-кем. Алайда соңғы жылдары медицинада көптеген жаңа бағыттар пайда болуда. Солардың бірі – эстетикалық медицинаны таңдайтындар да бар.
Эстетикалық медицина – адамның сыртқы келбетін жақсартып, жас көрінуіне, сондай-ақ тері мен дене құрылымындағы ақауларды түзетуге бағытталған медицинаның арнайы саласы. Бұл бағыт қазіргі заманның сұранысына сай дамып келе жатқанымен, оның түп-тамыры адамзат өркениетінің ең көне кезеңдеріне барып тіреледі. Ақхалаттылардың айтуынша, эстетикалық медицинаның алғашқы элементтері Ежелгі Мысыр, Үндістан және Грекия мәдениеттерінде жиі кездеседі. «Мысырлықтар теріні тегістеу, жасарту мақсатында табиғи майлар, сүт, балшық және өсімдіктен жасалған қоспаларды жиі пайдаланатын болған. Үнді медицинасының классигі саналатын Сушрута біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда мұрынды қалпына келтіру оталарын жасаған. Бұл әдістер қазіргі ринопластиканың тарихы тереңде жатқанын дәлелдейді. Ежелгі грек дәрігерлері де бет әлпетін қалпына келтіру және тыртықтарды емдеу бағытында түрлі әдістерді қолданған», – дейді медицина саласының ардагері, Қызылжарлық Марал Оспанова.
Орта ғасырларда медицина баяу дамығанымен, адамдар терілеріне күтім жасауды ұмытқан жоқ. ХХ ғасыр эстетикалық медицинаның қарқынды дамыған кезеңі саналады. Ботулин токсинін қолдану, гиалурон қышқылды филлерлер, лазерлік терапия және химиялық пилингтердің эстетикалық медицинаға кеңінен енгізілуі хирургиялық емес әдістердің таралуына мүмкіндік берді. Бүгінде эстетикалық медицина адам денсаулығы мен сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған жаңа сала ретінде күннен-күнге танымал болып келеді. Бұл сала косметикалық процедуралар мен емдеу әдістерін ғана қамтып қоймай, жаңа ғылыми жетістіктер мен инновациялық технологияларды пайдалану арқылы да жетілдірілуде.
Әлемде жыл сайын 21 миллионға жуық пластикалық ота жасалады екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш жиырма мыңға жуықтайды. Жас әрі әдемі болуды мақсат тұтқандардың пышаққа түсуден қорықпайтынын әрі жасанды сұлулыққа құмартқандарын жасырып бағатындарын ескерсек, бұл санның бірнеше еселенетіні жалған емес. Эстетикалық медицина біздің өңірде де қарқынды дамып келеді. Облыс орталығындағы кез келген сұлулық салонына бас сұқсаңыз, онда жоғары білімді ақхалатты жандардың қызмет көрсететінін аңғарасыз. Солардың бірі – бұл салада он жылдан астам еңбек етіп келе жатқан жеке кәсіпкер, дәрігер Мәдина Қабаева. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда ең көп таралған пластикалық ота түрлері – блефаропластика, екінші орында – омырау үлкейту. Үшінші, төртінші орындарға smas-лифтинг пен липосакция жайғасқан. Еуропалық пішінмен қабақ кестіруге, еріндерін үлкейтуге, қатпарлы әжімдеріне арнайы химиялық су құйғызып тегістеуге әуестер көбейген.
«Мен жыл сайын Алматы және Астана қалаларына барып білімімді жетілдіріп отырамын. Сонда аңғарғаным, қазақтың қыз-келіншектердің сұлулыққа қатысты талғамдары өзгеріп бара жатқандығы. Бетіндегі бала күнінде бар тыртығымен, денесіндегі кемшілігімен өмір сүргісі келмейтіндер көбеюде. Заманауи технологиялардың арқасында адамды кемінде 10-15 жылға жасартуға мүмкіндік бар», – дейді ол.
Тәжірибелі дәрігер әңгімелесу барысында солтүстікқазақстандық нәзік жандардың ерінді үлкейту, әжімдерді тегістеуге арналған ем-шараларды жиі жасататынын айтты. Мұндай қызметті алуға соңғы жылдары ер-азаматтар да құмартып жүрген көрінеді. Бұл процедуралардың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Тек уақытында косметолог- дәрігерге қаралып тұрса жеткілікті.
Есімі елімізге белгілі пластикалық хирург, PHD докторы Айна Досан бір сұхбатында пластикалық хирургияға жүгінетіндердің басым бөлігі ота нәтижесінің барынша табиғи болғанын қалайтынын айтыпты. «Бұл жерде адамның анатомиялық ерекшеліктерін сақтау өте маңызды. Сонымен қатар әр халықтың өзінің ұлттық ерекшеліктері болады. Оны да ескерген дұрыс. Адам қандай ота жасатса да табиғи болмысынан ажырамауы, табиғатынан алыстамауы керек, Пластикалық хирург пациентін адам танымастай өзгертіп, басқа адамға айналдырып жіберсе, ол – отаның сәтсіз шыққаны», – депті маман.
Елімізде де, әлемде де сәтсіз жасалған пластикалық оталар аз емес. Мәселен, танымал америкалық модель Дженис Дикинсон, «Карнавал түні» фильмінің жұлдызы Людмила Гурченко, атақты әнші Майкл Джексон мұндай қадамға «қартаюдан қорқатындықтан» барғандарын айтқан. Ал сырт-келбетін толықтай өзгерткен қазақстандық қыздардың қатарында Ақсай қаласының тұрғыны Елена Рагузова бар. Ол беті мен денесіне ондаған ота жасатып, қуыршаққа айналуды мақсат тұтқан.
Эстетикалық медицинасы қарыштап дамыған Оңтүстік Корея елінде 19 бен 30 жас аралығындағы әрбір үшінші тұрғын өз еркімен пышаққа түсіп, пластикалық ота жасатады екен. Өйткені бұл елде адамның келбеті – оның қызметте табысты болуының кепілі. Білім мен біліктіліктен бөлек, бұл елде қызметке қабылданатын жасқа қойылатын ең басты талаптың бірі де – осы.
Косметолог-дәрігерлер әжімді жасыру, қабақты, ерінді үлкейту мақсатында пайдаланылатын сулардың еш зиянсыз екенін айтады. Ал бұған медицина майталмандарының айтар қарсы уәжі бар. Марал Оспанованың айтуынша, ағзаға енгізілген химиялық дәрі жылдар бойы тері мен тіннің арасында сақталып тұра береді. Күндердің бір күнінде ол екінші бір ағзаны зақымдауы әбден мүмкін. Бұл пікірді өткен жылы косметолог-дәрігердің көмегіне жүгініп, ернін үлкейткен Петропавл қаласының тұрғыны Саяжан Әубәкірова да қуаттай түсті. «Құрбыларымның барлығы дерлік ернін үлкейтіп алған. Мен де қызығып, есімі өңірге белгілі косметологтың қабылдауына жазылдым. Ине арқылы теріге филлер тамшыларын енгізді. Алғашында өзімді жайсыз сезіндім. Аузымда артық бір зат тұрғандай айнаға қарап, орамалмен сүрте беретінмін. Бір ернімнің екіншісінен үлкен екенін байқап, бу терапеясына жүгіндім. Химиялық судың теріден оңайлықпен шықпайтынына сол кезде куә болғанмын», – дейді ол.
Соңғы кездері эстетикалық медицинаның ең танымал тармағы – блефаропластика жасатуға құмарлар көбейіп бара жатыр. Қабақтағы әжім торлаған артық теріні алып тастауға құмарлар қатарында ер адамдар да бар. Бірақ жасанды сұлулыққа асыл дініміз қарсы. «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратов Мұхаммед пайғамбардың «Шаш жалғаушыны да, жалғатқанды да Алла лағнеттеді» деген сөзін мысалға келтірді. Осының негізінде Ханафи ғалымдары жасанды сұлулықтың кез келгенін құптамау туралы пәтуа айтқан. «Эстетикалық медицина деген ұғымның астары денедегі кемшілікті түзету деген сөзбен мағыналас. Бала кезде құлап қалып, денеміздің бір бөлігінде тыртықтар, артық еттер пайда болса оны ислам шеңберінде түзетуге рұқсат етіледі. Ал жасандылыққа бой алдыру: кірпік жалғау, қас жұлу, ерінді үлкейту – мұның бәрі Алланың жаратылысына қарсылық танытумен пара-пар», – дейді имам.
Асылзат АРҒЫНБАЙ,
«Soltüstık Qazaqstan».