Ащы болса да шындық, қазіргі қазақ қоғамында отбасы дейтін киелі ұғымның шын мағынасын түсіне алмай жүргендер көбейіп отыр. Отау тігу әр адамның өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болғанымен, бұл ретте асығыс қадам жасап жататын жастар аз емес. “Неке және отбасы туралы” кодексте ер-азаматтар мен әйел адамдар тек 18 жасқа толғанда ғана заңды түрде шаңырақ құруға құқылы деп көрсетілген. Одан ерте үйленгісі келсе, ата-аналарының рұқсаты керек. Бүгінде бесіктен белі шықпаған мектеп оқушыларының ойнақтап жүріп от басуы жиілеп кетті. Мұндай асығыс некенің көпшілігінің соңы ажырасуға әкеліп соқтыруда.
Қайсыбіркүні замандастарымның бірі қонаққа шақырып, дастарқан басына енді жайғасқан едім. Қасыма 18-дер шамасындағы бейтаныс жан келіп, амандасып, хал-жағдайымды сұрасты. Е-е-е, үй иесінің туысқаны болар деген оймен жөн сұрасып, әңгімені жалғай түскендей болдым. Әлгі келіншек өзі туралы еш нәрсе айтқысы келмегендей сыңай танытып, бөлмеден шығып кетті. Кейін білсем, бұл бала 15 жасында өзінен он жас үлкен ер-азаматқа тұрмысқа шығып, үш жыл өтпей ажырасып, екі баласымен далада қалған екен. Басында пәтері жоқ келіншек бірер айдан бері біз қонақта болған үйде уақытша тұрып жатқан көрінеді.
Мұндай оқиғалардың еліміз бойынша көбейіп бара жатқандығын күнделікті газет және теледидар жаңалықтарынан да байқап жүрміз. Асылында халқымыз о бастан мұндай қылықтан аулақ еді ғой. Қазақ қашан да қыз баланы қадірлеп, тұрмысқа шыққанша төрге шығарып, келін болып, сәби туған соң шаңырақтың ұйытқысы деп қабылдады емес пе?! Ал мына бүгінгі қалыптасқан жағдайда “Қызға қырық үйден тыйым” деген нақыл сөз қасиетін жоғалтқандай. Қыздарымыз неше түрлі жағымсыз әрекеттерге барып, “қазақ аруы” деген ғажап теңеуге қара таңба бастыруда. Бүгінде қазақ қыздарының біразы үлкен мақтанышпен, шын көңілмен айтылған бабаларымыздың бұл ойынан шыға алмай жүр. Көпке топырақ шашудан аулақпын, қазірде тәрбиесімен қайран қалдыратын, жақсы мінез-құлқымен, инабаттылығымен көңіл күйімізді көтеріп тастайтын аруларымыз да баршылық. Алайда, жасына толмай ерте тұрмыс құрған қыздардың жауапсыз әрекеттері қазақ қызы деген атқа кір келтіруде.
Кәмелетке толмай келін атанғандар ана болуға және отбасындағы міндеттерді орындауға физиологиялық әрі моральдық тұрғыдан дайын болмағандықтан, некесін көбінесе ажырасумен аяқтайды. Ері мен ене де бұл жағдайда келіннің өрімдей жас екенін ескермейді. Ақыры алған білімі, істейтін жұмысы жоқ мұндай қыздардың көбі күнін көре алмай далада қалады.
Бір жылға жетпей, кейде, тіпті, үйленгендеріне екі ай болмай жатып ажырасатын жастар балалардың тағдырына алаңдамайтын сыңайлы. Толық емес отбасында сәбиге тәрбие беру қиындай түсетіні айтпаса да түсінікті. Салдарынан тастанды балалар қатары артып, балалар үйінде тәрбиеленетіндер көбеюде.
Жауқазындай жас өмірлердің осындай келеңсіз жағдайлармен бүлініп жатқаны көңілді жабырқатпай қоймайды. “Бақытты боламын” деп арман қуған қыздар отбасылық өмірге дайын болмауы салдарынан опық жеп, жалғызбасты ана атануда. Ал жүкті болып, ажырасып үлгерген қыздар ше?! Бүгінгі күні облысымыз бойынша кәмелет жасқа толмаған 81 бойжеткен сәбиін жалғыз асырауға мәжбүр екен. Мұндай жағдайға тап болған нәзік жандардың арасында ертеңгі күніне күмәнмен қарап, сенделген қыздар саны басым.
Дана халқымыз қыз баланың тағдырын тұтас ұлттың болашағымен салыстырған ғой. Нәзік жандарға ерекше сыйластықпен қарауының астарында “елім аман болсын, ұлтымның еңсесі түспесін, ұрпақ тазалығы лайланбасын” деген тілек жатқан шығар. Осынау асқақ ұғымның астарына үңілмей, бар ғұмырын бір күндік “бақытқа” айырбастап жүрген жандардың теріс әрекеттері өз ұлтының ертеңіне тас атқанмен бірдей.
Қымбат ИСМАНОВА,
зейнеткер.