«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОЙ КҮРЕС” — ҚАЗАҚ ШАХМАТЫ

Мен сабақтан тыс уақытта көркем гимнасти­ка, вокал және шахмат үйірмесіне қатысамын. Үшеуі де өз таңдауым болғандықтан, әр жаттығуды босатпаймын. Осындай қосымша білімнің арқасында мен көп нәрсені үйрендім. Бірде шахмат үйірмесіндегі жаттықтырушым, спорт шеберіне үміткер Марат Жәпенов ұлттық үстел ойындарының ережелерімен таныстырды. Сол кезде мен қазақ халқында асық және тоғызқұмалақтан басқа “Ой күрес” деген шахмат ойыны болғанын білдім. Бұл менің қызығушылығымды оятып, қазақ шахматы жайлы ақпарат жинай бастадым. Бұл талпынысымды мұғалімім Наиля Гильмутдинова құптап, ғылыми жоба жазуға бел будық. Тақырыпты зерттеу кезінде жаттықтырушым Марат Балахметұлының, ата-анамның көмегі зор болды.

Жалпы шахмат бұл әлемдегі танымал логикалық ойындардың бірі болғандықтан, оның адамның ойлау қабілетін дамытатыны бәрімізге белгілі. Осы орайда қазақ шахматы үйренушінің ойлау қабілетіне қалай әсер ететінін зерттедік. Ол үшін ғылыми жетекшіммен және жаттықтырушыммен бірлесіп тестік, шахматтық тапсырмалар әзірледік. Зерттеу кезінде жиналған, зерделенген мәліметтер әдістемелік құралға арқау болды.
Бұл жобаммен “Зерде” ғылыми жобалар және шығармалар байқауының облыстық кезеңіне қатысып, бірінші орын алдым. Ал байқаудың республикалық кезеңінде қазақ шахматы жайлы тың деректер қазылар алқасының да көңілінен шықты. Тың тақырыпты зерттеу оңай болмады. Себебі қазақ шахматы мектептерде де, мектепке дейінгі мекемелерде де үйретілмейді. Тіпті, әдістемелік құралдар да жоқ. Қазылар алқасы ғылыми жобамды жоғары бағалап, бас жүлдеге лайық деп тапты. Сол кезде менің қуанышымда шек болмады. Әрі өзгелер танып, біліп, қажетіне жаратуы үшін әдістемелік құралды ғаламтор желісіне жүктеу қажет деген ұсыныс айтқанда, қоғамға пайдалы ғылыми жоба жазғанымды түсіндім. Менің бойымдағы қабілетімді дамыту үшін түрлі үйірмелерге қатыстырып жүрген ата-анама, талпынысымды қолдаған ұстазыма және өскелең ұрпаққа танымдық ақпарат беріп отыратын жаттықтырушыма алғысым шексіз. Себебі олардың қолдауы болмаса, менің мұндай жетістікке жетуім екіталай еді.


Әйгерім ЕСМАНОВА,
“ЛОРД” дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының оқушысы.

СУРЕТТЕ: (Солдан оңға қарай) М.Жәпенов, Ә.Есманова мен Н.Гильмутдинова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp