Қазақтың қасиетті топырағынан небір талантты тұлғалардың түлеп ұшқаны әмбеге аян. Тіпті, есімдері әлем жұртшылығына таныс, өмірдің түрлі саласында жемісті қызмет етіп, айтулы жетістіктерді бағындырып жүрген бірқатар азаматтардың кіндік қандарының қазақ жерінде тамғаны белгілі. Мұны тамырына таланттың дәнін еккен топырақтың киесі дерсің!
Газетіміздің “Қазақ топырағынан түлеп ұшқан жұлдыздар” атты жаңа айдарының алғашқы кейіпкері белгілі ресейлік актер – Олег Янковский (1944-2009). Көптеген шытырман оқиғалы әрі мелодрамалық фильмдер арқылы танылып, көрермен қауымның сүйікті әртісіне айналған оның Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласында дүниеге келгенін жұртшылық біле бермейді. Ол балалық шағын мысты шаһарда әжесінің жанында өткізді. Өскен ортасы, өнерге жақын айналасы оны киноактері болсам деген арманына біртабан жақындата түсті. Минск театр институтына алып келген де көңіліне маза бермеген осы мақсат.
Бұл мамандыққа кездейсоқ келмегені төртсериалы “Щит и меч” фильмінде анық аңғарылған еді.
1969 жылы актер “Я Франциск Скорина” фильмінде басты рөлді сомдағаннан кейін оған көптеген ұсыныстар түсе бастады. “Звезда пленительного счастья”, “Премия”, “Мой ласковый и нежный зверь”, “Сладкая женщина” фильмдері оның дарын иесі екенін әйгілей түсті.
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.