
Тәжірибелі дәнекерлеуші Геннадий Потемкин “Достық дән” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді. “ҚазЭкспортАстық” акционерлік қоғамына қарайтын бұл серіктестіктің Шал ақын ауданындағы Сухорабовка, Новопокровка және Кривощеково ауылдық округтері аумағында 5000 гектардай егістік жері бар. Шаруашылық диқандары оның 600 гектарына зығыр, қалғанына бағалы дақыл – бидай өсірген болатын.
Былтырғы орақтың ауыр жағдайында бітік өнген астықты жинап алу оңайға түскен жоқ. Оның тең жартысына егінді ерте пісіретін дәрі қолдануға тура келді. Шаруашылықтың техник мамандары өз тарапынан қолдағы бар астық жинау техникаларын тоқтатпауға тырысып бақты. Солардың қатарында өз ісін өте жетік білетін Геннадий Владимировичтің де есімін атауға болады. Шеберлігі 5-ші разрядқа бағаланатын, 33 жыл жұмыс тәжірибесі бар дәнекерлеушінің уақытпен санаспай жұмыс істеуінің арқасында шаруашылықтың қарамағындағы техникада ешқандай тоқтау болған емес. Темірді темірге жымдастыра білетін оның қолынан өткен тетіктер өте мықты.
Қазір бұл серіктестік көктемгі егіске әзірлік үстінде. Дүбірлеп қырға шығатын егіс техникасын дайындық сапына қою үшін дәнекерлеуші Г.Потемкин де дамыл таппайды.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: тәжірибелі дәнекерлеуші Геннадий Потемкин.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.