Облыс орталығында синтетикалық есірткіні сақтап, сатып және жарнамалағаны үшін қала тұрғыны 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Петропавлдың 29 жастағы тұрғынының қолына наурыз айында қылмыс үстінде кісен салынған болатын. Сотқа дейінгі тергеу барысында бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған оның «Telegram» мессенджері арқылы жұмыс істегені анықталды. Онлайн-ресурста оның 3,5 мың оқырманы болған. Синтетикалық есірткіні қаланың ықшам аудандарында жасырып, оны осы жерде сатып отырған. Бірнеше грамм есірткі күдікті мінген такси көлігін тексеру кезінде табылды. Ал негізгі бөлігін – 400 гр. спайсты полицейлер оның пәтерінен тәркіледі. Сондай-ақ оның үйінде синтетикалық есірткіні дайындауға қажет концентрат, электронды таразы, орауға арналған материалдар, ұялы телефон мен ноутбук болған.
-Тексеру барысында оның синтетикалық есірткі сатуға арналған «Папа может» атты интернет-дүкен ашқаны анықталды. Алғаш рет ұсталғанда есірткі заттарын электронды ақпараттық ресурстарда жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған еді. Енді бұл жолы қала тұрғыны сату үшін спайсты әзірлеп, сақтағаны және сатқаны үшін сотталды, – дейді облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев. Облыс аумағында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 398 кг. түрлі есірткі заттары алынды.