“Жас қыран” жастар қосымшасы жас буын өкілдерінің әлеуметтік желілерге жарияланған, елді елең еткізіп, өрендердің өмірінен хабар беретін пікірлерін назардан тыс қалдырмай, ай сайын өз оқырмандарына ұсынбақ. Жақында фейсбукте “Қазақтың патриот жастары” тақырыбында қызу пікірталас өтті. Оған өңір жастары да белсенді қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Айдын, Есіл ауданы:
– Менің бір нәрсеге қарным ашады. Жастардың, әсіресе, биікке ұмтылып, таңдаған салаларында түрлі жетістікке жетіп жүргендердің бір-бірін етектен тартып, құлдыратуға тырысуы. Әлімсақтан келе жатқан көреалмаушылықтың бүгінгі қазақ жастарының да бойынан көрініс бергеніне қынжыламын. Жас та болса, бас болып ғылымда, өнерде, өндірісте өрісін кеңейтіп, өркендеді ме, неге жолына бөгет боламыз? Біз өз жеріміздің, ұлан-ғайыр тәуелсіз Қазақстанымыздың нағыз патриоты болмаймыз ба, өз ісімізді ғана жақсы көре білгенше? Отансүйгіштік өзгенің еңбегін бағалаудан бастау алады.
Мақсат, Петропавл қаласы:
– Айдын, сенің жан шырылыңды, жүрек тебіренісіңді мен жақсы түсініп отырмын. Кез келген адам өзін ұлтының адал перзентімін деп санаса, тілі, діні, жері сынды үш баға жетпес құндылығын қызғыштай қори білулері қажет. Осы үшеуін бір арнаға тоғыстыра білген адам ғана елінің патриоты немесе жанашыры бола алады. Ондай ұл-қыздар қазақта болған, бар және келешекте де бола береді. Ең биік нәтижелерге жету үшін өсіп келе жатқан бүлдіршіндерімізді қазақша мектептерге беріп, қазақ әдебиетімен, қазақ тарихымен сусындатып, саналарына сіңіруіміз қажет.
Айнұр, Алматы қаласы:
– Алға, Қазақстан жастары! Болашақ – біздің қолымызда! Елбасымыз бізге мол мүмкіндіктер жасауда. Құлшыныспен оқыңыздар, білім алыңыздар! Жаңалыққа ұмтылыңыздар, жаңашыл болыңыздар! Бүгін істейтін шаруаны ешқашан ертеңге қалдырмаңыздар! Өз Отанының патриоты болу деген – шынайы еңбектену, қайтсем еліме пайдамды тигізсем деп ұмтылу.
(Ғаламтордан алынды).