
Ләйла ЖАНЫСОВА
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Отбасы күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған өңіріміздегі көп бала тәрбиелеп өсірген, “Күміс алқа” және “Алтын алқа” иегерлері мен кәсіби әулеттер, балалары Қазақстанның атын әлемге әйгілеп жүрген және ширек ғасыр бірге отасып, “Алтын тойларын” атап өткен өнегелі отбасылар шақырылды. Жиналған қауымды облыс әкімінің атынан оның орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.
Отбасы күнінің мақсаты отбасылық құндылықтарды нығайту болып табылатыны жайында тарқатып айтқан Фархад Қуанғанов:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің міндеті. Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек”, – деген болатын. Сондықтан дені сау бала тәрбиелеу, тәрбиелі ұл-қыз өсіру, берік отбасын құру – қоғамымыздың өміршеңдігінің, тұрақтылығының кепілі. Яғни, мемлекеттің берік іргетасын қалаумен тең. Отбасында ғана біздің өскелең ұрпағымыз өздерін барынша қорғалған және бақытты сезінеді. Өмірдің бар қиындығынан сүріндірмей алып шығатын да, өмірге деген құштарлықты қалыптастырып, шабыттандыратын да – отбасы, – деді.
Жыл басынан бері облысымызда 1700 жұп отбасын құрған. 2013 жылы дүниеге 2360 сәби келген. Тек іргесі берік шаңырақта ғана табысты, қабілетті, дені сау бала тәрбиеленеді. Елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға да зор көңіл бөлінуде. Бұл санаттағы балаларды асырап алу, қамқоршылық пен қорғаншылыққа, патронаттыққа алу жиілеп келеді. Үстіміздегі жылы 40 бала отбасыларға патронаттық тәрбиеге берілген.
Бүгінде облысымызда 5 мыңнан астам ана – “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иегерлері. Бұл күні көп бала тәрбиелеп өсірген “Күміс алқа” және “Алтын алқа” иегерлері мен отбасылық кәсіби әулеттер, балалары Қазақстанның атын әлемге әйгілеп жүрген және ширек ғасыр бірге отасып, “Алтын тойларын” атап өткен бірқатар өнегелі отбасыларға үлкен құрмет көрсетілді. Олардың бала тәрбиесіне сіңірген еңбектеріне алғыс білдіріліп, балаларының жетістіктері әр отбасын қуаныш пен мақтанышқа бөлей беруіне тілектестік білдірілді. Олардың арасында тамырын кең жайып, 8 бала тәрбиелеген, таяуда “Алтын тойларын” атап өткен Ысқақовтар (Уәлиханов ауданы), 55 жыл отасып, жұбайлық өмірдің ыстық-суығын бірге көрген, 5 бала сүйген Ткачтар, 6 бала тәрбиелеп отырған “Күміс алқа” иегері – Алтынай Сапарова (Есіл ауданы), жарты ғасырдан астам тату-тәтті отбасын құрып, 7 перзент тәрбиелеген, 45 жыл ұстаздық еткен Бейсембаевтар (Петропавл қаласы), “Алтын алқа” иегерлері: Сабировтар отбасы (Ақжар ауданы), Анашевтар (Айыртау ауданы), Біржановтар отбасы (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан) бар.
Сонымен қатар ұлдары Мақсат – қазақша күрес пен грек-рим күресінен Еуропа чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері, Абылай – ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық спартакиада чемпионы болған Мурсалимовтер (Мамлют ауданы), бес баланың төртеуі әке жолын қуып ұстаз болған Хамзиндер (Аққайың ауданы), әулетімен полицей болған, жалпы полицейлік өтілдері 100 жылдан асатын Магомедовтер отбасы (Қызылжар аужаны), қазақстандық жеңіл атлетші, халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері. Азияның төрт чемпионатының жүлдегері, Азиада ойындарының чемпионы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатысушы, Қазан қаласында өткен 2013 жылғы Универсиаданың чемпионын тәрбиелеген Маргарита Мацконың (Шал ақын ауданы) және конькимен сырғанауда халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бірнеше мәрте чемпионы және рекордшысы, 2014 жылы Сочиде өтетін Олимпиадалық ойындарға қатысуға кандидат, түрлі деңгейлердегі 13 медальдың иегерін тәрбиелеген Бабенконың (Петропавл қаласы) отбасылары болды.
Шақырылған отбасыларына теледидарлар сыйға тартылып, ән-биден шашу шашылды.
Алғаш рет тойланған Отбасы күні мерекесі көтеріңкі көңіл күймен өтті. Тек сахнаға ілінген баннердегі мереке атауының “День Семьи – 2013” деп ресми тілде ғана жазылғаны болмаса…
* * *
Отбасы күніне орай Петропавл қалалық Мәдениет үйінде “Шаңырақ – жан жылуы” атты гала-концерт болып өтті.
Сахна шымылдығы “Движение” ансамблінің “Отбасы” биімен ашылды. Балаларын жетектеп келген өнерлі ерлізайыптылар да сахнаның шырайын келтірді. Күміс көмей әнші Кенжекей Ақжолова Үміт есімді қызымен бірге “Мама” әнін орындап, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әнші Яна Богованың әпкесі Надежда мен қызы Альбина да өнерден құр алақан емес екен, үшеуі қосылып “Журавлик” әніне салғанда, қошеметімізді аямадық.
Кеш барысында отбасы туралы әндерге құлақ түріп, мың бұралған бишілердің өнерін тамашаладық. Концертке келіп, жақсы көңіл көтерген өнерсүйер қауым отбасының маңызын жете түсініп, кеш соңында ата-анамыз, бауырларымыз бен туысқандарымыз аман болсын деп тарқасты.
Мереке күні облыс орталығындағы Орталық алаңда, қалалық Мәдениет және демалыс саябағында, сауда кешендерінде “Отбасылық құндылықтар – мәңгілік” жастар акциясы өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына отбасы құндылықтары туралы флаерлер таратылды.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.