«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТТЫ ЖЫЛДАР ҚАСІРЕТІ

 

Отты жылдардың қасіретін кім ұмытсын? Ел қорғауға аттанған азаматтар – бір-бір үйдің тірегі, панасы әрі қамқоршысы еді ғой. Қанша жанның тағдырын қиған сұрапыл соғыс бірін әкеден, екіншісін бауырдан, енді бірін асыл жардан айырды. Бауыр еті баласынан көз жазып қалған ана қаншама? Қайғы жұтқан заман келмеске кеткенімен, жүрекке салған жара әлі де жазылар емес.

Отан үшін от кешкен боздақтардың ерен ерлігін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері қойған “Солдат күнделігінен” драмасы осы мақсатты көздеді. Спектакльдің режиссері – Фархад Молдағали.

Бейқам ауылдың әп-сәтте ойран-топыры шықты. Отан Ана алдындағы парызды өтеудің маңызын түсінген азаматтар соғысқа шақырту алған соң іркілмеді. Олар туған елді жаудан қорғап, халықтың азаттығы жолында күресуге аттанды. Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің жүрегі жалын, жігері қайрақ па дерсің? Ер-азаматтармен бірге сапқа тұрған қыз-келіншектер де аз емес. Бір арнада тағдырлары тоғысқан жандардың бар арманы – Жеңіс туын желбірету. Осы жолда қаншама боздақтан айырылдық.

Оқ пен оттың ортасында азапты күндерді басынан кешкен жауынгерлердің әр сәті сынақ. Өлім мен өмір, күдік пен қорқыныш, үрей мен үміт арпалысып жатты. Толарсақтан саз кешкен жігіттер майдан даласында сатқындық пен опасыздықты да көрді.

Әсіресе, оқиға желісіне арқау болған Мұхамедтің қилы тағдыры адамның көңіліне мұң ұялатады. Жастайынан жетім өскен оның тағдыры аянышты. Кішкентай қарындасы жанып тұрған пешке түсіп, мерт болса, төсек тартқан ананың жүрегі ауыр қайғыны көтерсін бе? Періштенің артынан ол да мәңгілік сапарға аттанды. Айрандай ұйыған отбасының шырқы бұзылған соң ағалы-інілі Қасым мен Мұхамед жетімдер үйін паналайды. Өмірдің ауыр жүгін арқалаған ағайындылар ержеткен соң соғысқа аттанып, тартысқа толы тағдырдың тауқыметін бастан кешірді. Қасым ұрыста қаза тапты. Ал взвод командирі болған Мұхамед сын сағаттарынан сүрінбей өтіп, жаумен шайқаста талай мәрте жеңіске жетті. Қыран құстай алғыр әрі өжет, айтқан сөзінен қайтпайтын батыл жігіт майданда шынықты. Қандай қиындыққа кезіксе де досқа адал, антқа берік, шыншыл болды. Алауыздық пен сатқындыққа жаны қас Мұхамед қарамағындағы жігіттердің бір-біріне жасаған қиянатына жаны күйінді. Сондықтан әділдік үшін күресті.

“Кемедегенің жаны бір” демекші, қаруластарының бір-біріне жанашыр, бауырмал болғанын қалады. Өйткені, жауынгерлер ұйымшыл, тату, сертке берік, антқа адал болғанда ғана Жеңіс күні жақындай түспек. Жауға күйрете соққы берген Мейірмановтың ерлігін өзінің есебіне жазып алған Власовтың сатқындығы взвод командирін күйіндірді. Сондықтан ол ақ пен қараны ажыратып, жолдастарына шынайы батыр кім екенін дәлелдеді. Өтіріктің арты бір тұтам емес пе? Жалған сөзді, біреуге жалпақтауды жаны сүймейтін Мұхамед қасіретті жылдар болса да ар тазалығын бәрінен биік қойды. Өзінің адалдығымен өзгелерге үлгі болды. Жасаған қиянаты үшін Власов құрамнан аластатылса да оны қатарға қосып, жігерін қайраған тағы Мұхамед еді.

Спектакльде ұрыс даласындағы шайқас шартты түрде көрсетілгенімен, әртістер өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады. Жауынгерлердің ішкі сырын, толқынысын, тіпті, үрейі мен қорқынышын көрерменнің жүрегіне жеткізу – үлкен еңбек. Музыкалық драма болған соң камералық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен қазақ, орыс әндері орындалды. Оркестрдің дирижері – Мәдениет қайраткері Марат Жақыпов.

Жазушы Кемел Тоқаевтың “Солдат соғысқа кетті” романының желісі бойынша көрерменге жол тартқан спектакльде басты рөлді театрдың жас әртісі Дулат Тәшкен сомдады. Мұхамедтің прототипі – роман авторының өзі. Яғни, Кемел Тоқаевтың азапты өмірінен сыр шерткен сюжет зобалаң жылдардың зардабына негізделген. Дулат Тәшкен, Айбол Қасым, Нұрбол Асқаров, Нұрбол Құмарша, Ислам Жақсылық, Мәдина Өсербаева кейіпкерлердің бейнесін аша білді.

Театр жанынан құрылған “StarTDrama” зертханасының жаңа премьерасына жиналған қауымның қарасы көп болды. Өнердің құдіретінен рухани нәр алған көрермен орындарынан тұрып, толассыз шапалақ ұрды. Бұл сахнагерлер мен өнерге деген ерекше ілтипаттың белгісі іспетті. Аншлагпен өткен қойылым соңында әртістерге құрмет көрсетіліп, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүлі тарту етілді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp