«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ ӨРІС

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысын кіріспе сөзбен ашқан ұйым төрағасы, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов осынау бірегей институттың тұрғындардың бірлігін нығайтуға, қоғамдағы келісімді сақтауға өз үлесін қосып келе жатқанын жеткізді. Шараға Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік құрылым басшылары қатысты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз еліміздің ауызбіршілігін сақтай білсек, кез келген қиындықты жеңеміз» деп атап көрсеткен болатын. 2024 жыл тарихи оқиғаларға толы болды. Біз кез келген мәселеде ауызбіршілік, ұйымшылдық таныта отырып, ұрпақтар арасындағы дәстүрлі сабақтастықты жалғастырып келеміз. Ассамблеяның белсенді қызметі Қазақстанды мекендейтін барлық этностың тілін, мәдениеті мен сал-дәстүрін дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің мәртебесін көтеруге жол ашты», – дей келе Ғауез Торсанұлы өз жұмысын тәуелсіздігімізді нығайту жолына арнаған бірегей институттың 30 жылдығымен құттықтады, алдағы ісіне жеміс тіледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, «Hangug Qazaqstan» бірлестігінің жетекшісі Алексей Хан, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин өз салалары бойынша атқарылған іс-шаралармен, алдағы міндеттермен таныстырды.

Кеңейтілген алқа мәжілісінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары лауазымына Рашбиль Евдаевтың кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты. «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Симанас Шаханова мен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің директоры Еркін Жақыпов кеңес құрамына қабылданды. Алқалы басқосуда Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталған бір топ солтүстікқазақстандыққа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыс етті.

Марапатталғандар қатарында ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының ғылыми-әдістемелік бірлестігінің мүшесі Анатолий Башмаков және Геворк Геворкян, Рашид Надиров, Раиса Полищук, Диляра Хасанова сынды ассамблея ардагерлері бар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltustik Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp