«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУЛЫҚ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ ӘБІГЕРГЕ САЛУДА

Мектеп оқушыларының жазғы демалысы аяқталып, жаңа оқу жылының басталғанына да бір айдың шамасы болды. Алайда, елімізде жыл сайын қайталанатын оқулықтың жетіспеушілігі бұл жолы да ата-аналар мен оқушыларды, ұстаздар қауымын сергелдеңге түсіруде. Оқушының үлгеріміне тікелей әсер ететін оқулық ең алдымен аз қамтылған отбасы балалары мен әлеуметтік көмекке зәру жандарға, көпбалалы отбасыларына, патронаттық тәрбиедегі балаларға, сосын қалған оқушыларға жеткенше үлестіріліп беріледі.

Балам алғашқы қоңырауға қаламын алып, кітап-дәптерін салып барсын” деген ниетпен ата-аналар жаңа оқу жылының басталуына ертелеу болса да, қала орталығындағы базарларда, кітап дүкендерінде күнделікті сабақта пайдаланатын құрал-жабдықтар, киім-кешектер, оқулықтар іздеп, өз қаражаттарына алып қояды. Жыл сайын жетіспеушілігімен жанға батып, мезі қылған оқулықтарды қолжетімді әрі арзан бағамен сатып алып, оқулық тапшылығының тезіне түсіп қалмай, дер кезінде қамданғандары дұрыс-ақ. Ал үйінде бір емес, бірнеше бала оқитын ата-аналар не істемек? Осы сауалдарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожинаға қойғанымызда:

Өңіріміздегі оқулық мәселесі оңтайлы шешімін тапқан. Үстіміздегі жылы жергілікті бюджеттен 320 миллион теңге бөлініп, облысымыздағы білім беретін мектептерді оқулықпен толық қамтамасыз етіп отырмыз, – деп сендірген болатын. Ал ата-аналар мен ұстаздар болса, “Оқулық жетпей жатыр” деп дабыл қағуда. Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Аманжолқызы оқулықтың барлық сыныпқа жетіспей жатқанын алға тартады. №6 мектепке де телефон арқылы хабарласқан едік. Бізбен тілдескен бір мұғалім оқулықтар қатарлас сыныптарға жетіспей жатқанын айтып: “Директорымыз мұндай ақпаратты беруге рұқсат бермейді”, – деп телефон тұтқасын қоя салды. Мәселенің ақ-қарасын анықтап, жағдайға көз жеткізу үшін қала орталығындағы “Знание”, “Знание СК” және Мағжан Жұмабаев атындағы кітап дүкендеріне бардық.

Знание” кітап үйінің қызметкері Гүлнәр Оразалинованың айтуына қарағанда, жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушыларына “Алматы” және “Мектеп” баспаларынан шығарылған оқулықтар берілсе, ал 8-11-сынып оқушылары “Мектеп” және “Атамұра” баспалары ұсынған кітаптармен оқитын болады. Бүгінде аталмыш дүкенде бастауыш және 9-шы сынып оқушыларына арналған кітаптар бар. Бастауыш сынып оқушыларына арналған оқулықтардың бағасы басылған баспасына қарай 470-500 теңгеден болса, жоғары сынып кітаптары – 700-1100, жеке дүңгіршектерде бір ағылшын тілі оқулығының өзі 4000 теңгеге дейін барады. Бірен-саран жерлерде болмаса, тіпті, табу қиын. Табылған күннің өзінде, бағасы шарықтап тұрған кітаптарды сатып алуға тұрмысы жақсы деген отбасылардың да жағдайы келе бермейді.

Жыл сайын балам жақсы оқып, білім алсын деген оймен қажетті оқулықтарының бәрін түгендеп, сатып алып беретін ата-ананың бірі – Мамлют ауданының тұрғыны Ділдә Раушанқызы. Үш баланың анасы балаларына жыл сайын кемінде 7 кітап алып береді екен.

Құлыншақтарымның кітаптарына 9-10 мың теңге қаржы жұмсаймын. Одан өзге киімдері мен оқу құралдары бар. Бүгін дүкендер мен базарларда балаларға арналған заттардың бағасы тым қымбат. Кейде қалтамыз көтермей, қарызданып жататын кездеріміз де болады. Үлкен ұлым тоғызыншы сыныпта оқиды. Орыс тілі кітабы жетпей, мұғалімінің көмегімен қолдан көшірме жасатуға тура келді. Оған 2500 теңге жұмсадық, – дейді Ділдә тәтей.

Бес бала тәрбиелеп, үшеуін мектепте оқытып отырған Оғлай Жапабаева:

Былтыр үлкен қызым Орынгүлге “Дүниежүзі тарихы” оқулығы жетпей қалып, құрбысымен бірігіп оқыған еді. Үйі бізден алшақ тұратын сыныптасына қыстың қақаған суығында бара алмай, ұстаздарынан сөгіс естіп, сабақ үлгерімі де нашарлап кетті. Қызымды аяп, кейде өзім алып келіп жүрдім. Міне, биыл сол жағдай тағы да қайталана ма деп алаңдаймын. Өйткені, кітап дүкендерінде аталмыш оқулық сатылмайды. Сатушы қыз бір айдың көлемінде болып қалады деп сендіруде, – деп өз қынжылысын білдірді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

Солтүстік Қазақстан.”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp