«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ ОЗЫП ЖҮР

Мектебіміздің оқушылары жыл сайын жарияланатын облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға үзбей қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Бұл ұстаздардың еңбегінің зая кетпегені деп білемін. Облыс көлемінде өткізілген “Абай оқулары” байқауында Бұлбұл Халмаан 1-орынды, Карина Мұсабалаева 2-орынды иеленді. “Махамбетке арнау” байқауында да оқушылардың ақынға арнап жазған шығармалары тиісті бағасын алды. Байқаудың нәтижесінде Асқар Әлмұхан 2-орынды жеңіп алса, Махамбет өлеңдерін оқуда Дана Нұрмағамбет 3-орынға ие болды. Өзінің әсем дауысымен Абай атамыздың әндерін шырқап, көрермендерді тамсандырған Әсел Халмаан 2-орын иегері атанды.

Ұстаздар оқушылардың үш тілге деген қызығушылығын арттыру бойынша түрлі жұмыстар ұйымдастырады. Балалардың орыс тілін үйренуге деген ынтасын арттыру мақсатында қазақ тілінде оқитын оқушылар арасында аудандық “Ой-сана” байқауы өтті. Барлық тапсырмалардан сүрінбей өтіп, 12 қатысушының арасынан өз білімін дәлелдеген 10-сынып оқушысы Камила Тажиден 1-орынды иеленіп, Астана қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алды.

Омбы қаласындағы Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік университеті өткізген М.В.Ломоносов атындағы XVI халықаралық дәстүрлі турнирге де біздің оқушылар қатысып, өз білімдерінің жоғары екендігін дәлелдеді. Мектебімізден турнирге қатысқан 11 оқушы өз білімдерін сынап, 8-сынып оқушылары – Бұлбұл Халмаан мен Розанна Голубцова, 11-сынып оқушысы Юлия Ниденс, 10-сынып оқушысы Камила Тажиден орыс әдебиеті пәнінен, ал Дамир Сабыржанов физика пәнінен 2-ші дәрежелі жүлдеге ие болды.

Аслан ОХАПОВ,

Кішкенекөл №2 орта мектеп-интернатының

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp