«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАР ПРЕЗИДЕНТ ЗАЛЫН ТАМАШАЛАДЫ

Облысымызда Тұңғыш Президент күніне арналған шаралар жалғасуда. Петропавл қаласындағы жалпы орта білім беретін №1 мектеп-интернат оқушылары облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті залына саяхат жасады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Тұңғыш Президент залындағы жәдігерлермен оқушыларды экскурсия жетекшісі таныстырды. Балалар Назарбаевтар әулетінің шежіресінен бастап, оның мектепте оқыған кезі, жастық шағы мен еңбек жолы туралы мол мәліметтер алды. Залдағы әр жәдігердің тарихына жеке тоқталған экскурсия жетекшісі оқушыларға олар туралы қызықты етіп әңгімелеп берді.

 

Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған орта мектебінің 7-сыныбынан 8-сыныпқа көшірілген куәлігі балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Елбасының спортқа, соның ішінде боксқа ерекше жақын болғандығы оның жас кезінде түскен суреттерінен көрініп-ақ тұрды. 1958 жылы мектеп бітірген бозбала – Нұрсұлтан ұшқыш болуды армандаған. Алайда, отбасындағы үлкендер қарсы болған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірінде Теміртау мен Магнитка ерекше орын алады. Ол туралы Елбасы: “Егер де менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан да Президент болмас едім”, – деген екен.

Өмірі өнеге Елбасына арналған залды тамашалаған оқушылар әсерлерімен бөлісті.

– Біз Петропавл қаласындағы мұражайларға жиі саяхатқа барып тұрамыз. Тарихи-өлкетану мұражайына келген сайын өзіме бір жаңалық ашамын. Бүгінгі саяхат та ерекше әсерлі болды. Мұнда Президенттің өмірі жайлы деректерді көзбе-көз көріп, қабылдайсың, ол есте ұзақ сақталады. Бүгінгі алған ақпараттарымның мектептегі сабақтар барысында пайдасы зор болады деген ойдамын, – дейді мектеп-интернаттың 8 “А” сынып оқушысы Юля Кирьянкова.

Юляның бұл ойын ұйымдастырушы педагог Снежана Машенкова да растады. Снежана Александровнаның айтуынша, олар оқушылармен қаланың түрлі мәдени орындарына жиі шығып тұрады. Оқушыларды саяхатқа жас ерекшеліктеріне қарай бөліп әкелді. Бастауыш сынып балаларын залдың безендірілуі көбірек қызықтырса, ересек балалар оның мазмұндылығына мән береді. Оқушылар бұл саяхаттардан алған әсерлерін мектеп-интернатқа келген соң ортаға салып, талдайды.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp