«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУ АҚЫСЫ ТӨМЕНДЕМЕЙДІ

Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде қашықтан білім алып жатқан студенттердің оқу ақысы төмендемейді. Тек 218 студенттің жалпы сомасы 19 млн. теңге көлеміндегі төлемінің мерзімі ұзартылыпты. Көпшілікті толғандырған бұл сұраққа М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында жауап берді.

Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны карантин кезінде 7 мыңнан аса студентті қашықтан оқытты. Осы уақытта 500-ге жуық оқытушы 77356 сабақ өткізген. Бұл сабақтарға студенттердің қатысу үлесі 83 пайызды құрап отыр. Дәрістік, тәжірибелік сабақтарды өткізуге, студенттің өздік жұмысын тексеру үшін “ZOOM” бейнеконференциялары, “Bigbluebutton” және универитеттің “E-learning NKZU” платформасы пайдаланылған.

– Үстіміздегі жылдың 16 наурызында академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарында 16 студент білім алып жатқан. Жарияланған төтенше жағдайға байланысты оның 10-ы қайтып оралып, оқуын жергілікті университет бағдарламасы бойынша онлайн форматта жалғастырды. Ал шетелде қалған алты студент оқуын сонда аяқтауды ұйғарды, – деді М. Қозыбаев атындағы СҚУ ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев.

Студенттер 30 маусымға дейін онлайн және оффлайн үлгіде шығармашылық және жазбаша түрде қорытынды емтихандарды тапсырады. Онлайн түрде тапсыратын студенттер “MOODLE”, “ZOOM”, “BBB”, “Google Classroom” сынды платформаларды қолданады. Ал оффлайын режімінде “E-learning-NKZU” платформасын, электронды пошта, телеграмм, “WhatsApp” сынды месенджерлер арқылы емтихан тапсыру қарастырылған. Биыл жоғары оқу орнын тамамдайтындарға диплом тапсыру салтанаты қашан және қалай өтетіні әлі белгісіз.

Баспасөз мәслихаты барысында жаңа оқу жылында PR-журналистика, география, мемлекеттік басқару сынды бірнеше жаңа мамандық ашылатыны айтылды.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp