
1941 жылы Петропавл қаласында құрастырылып, соғыс біткенше майданның алғы шебінде жүрген оқ өтпейтін пойыз туралы біреу білсе, біреу білмейді. Ерекше пойыздың қалай жасалғаны жайлы құжаттар облыстық архивте әлі күнге дейін сақтаулы.
Архив директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, қыркүйек айында Петропавл темір жол бөлімшесіне шұғыл тапсырма түсіп, 20 желтоқсанға дейін оқ өтпейтін пойыз жасап шығу міндеті қойылады. Уақыт өте тығыз. Сондықтан эскиздік жобалаудан бастап, өнім дайын болғанға дейінгі барлық технологиялық тізбелер бір мезетте атқарылады. Бас конструктор Михаил Савиннің жетекшілігімен қысқа мерзім ішінде пойыздың толық сызбасы жасалып, тапсырысты жылдам әрі сапалы атқаруға локомотив депосының білікті мамандары жұмылдырылады. Мысалы, цех шебері Николай Гаврилов бөлшектерді жонуға жауапты болса, дәнекерлеу жұмыстары Михаил Тарасовқа сеніп тапсырылады. Слесарлық-құрастыру ісімен Федор Никитин айналысады. Құрыш Челябі металлургия зауытынан жеткізіледі. Алайда, арнайы жабдықтар болмағандықтан, техникалық бөлім қызметкерлеріне жоқтан бар жасауға тура келеді. Темір жол саласында саяси бөлім бастығы қызметін атқарған Иван Липин естелігінде былай деп жазады: “Құрышпен қаптауға “Ов” сериясымен шығарылған паровоз таңдап алынды. Машинистер оны “овечка” деп еркелетіп атайтын. Қару-жарақ пен айналмалы мұнараларды дайындау және орнату, берік подшипникті сақиналарды өңдеу өте күрделі болды. Көтергіш крандардың жоқтығы үлкен қиындық келтірді. Сондықтан салмағы ауыр құрыш табақтарды арқанның, шығырдың көмегімен қолмен көтеруге мәжбүр болдық”.
Петропавлда жасалған темір құрсаулы пойыз 1942 жылы маусымда Мәскеуге қарай бет түзейді. Оған жолда Омбы депосында құрастырылған пойыз қосылып, Мәскеудің қорғанысына қатысады. Пойыздың одан кейінгі жауынгерлік жолы 40-шы жеке пойыздар дивизионы құрамында жалғасып, Сталинград шайқасына барады. Негізгі міндет – Сталинград-Саратов темір жолы маңындағы маңызды учаскені қорғау. Сталинград және Оңтүстік-батыс майдандары бойынша әскери құрамаларға жанар-жағармай, техникалар, оқ-дәрі жеткізумен айналысады. Бұл жерде 21-ші армия 4-ші танк дивизиясының құрамында жауға қарсы шайқаста пайдаланылады.
Қарша бораған снарядтың салдарынан құрыш қаптаманың бүлінген жерлері Балашов және Саратов деполарында жөнделіп, қайтадан майданға жол тартады. Пойыз 1945 жылы жапон соғысына жіберілген, одан кейінгі тағдыры белгісіз. Оны іздеп таппақ болған әрекеттер нәтижесіз аяқталды. Петропавлдағы локомотив депосы жанынан ашылған музейде оқ өтпейтін пойыздың сарғайған суреті ғана сақтаулы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.