Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында “7-20-25” мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы әңгіме болды. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев бағдарламаның артықшылықтарына тоқталды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуін жүзеге асыру аясында қолға алынған бағдарлама елімізде құрылыс саласын дамытуға, тұрғын үй секторын жаңғыртуға жол ашпақ. Оған меншігінде баспанасы жоқ, тұрақты табысы бар 25-35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.
“Қазақстан Ұлттық банкі” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Диас Мэлс биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 50 млрд. теңге бөлінгенін, алдағы жылға 150 млрд. теңге қарастырылғанын айтты. Бүгінге дейін ел бойынша 55 млрд. теңгенің 4657 өтініші қабылданған. Баспаналардың 60 пайызы Астана және Алматы қалаларында берілуде. Бұл пәтерлердің орташа бағасы – 12 млн. теңге болса, ипотекалық несиенің орташа мерзімі – 20,4 жыл. Яғни, үміткер мерзімді өзіне ыңғайлап қысқарта алады. Қазіргі таңда өңірімізде үміткерлердің төлем қабілеттерін алдын ала анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдарында 274 адам кеңес алса, оның 42-сі қызығушылық танытып, 11-інің төлем жасауға мүмкіндігі бар екені анықталған. Бағдарлама аясында баспаналы болғысы келген тұрғындар “БанкЦентрКредит”, “Қазақстан Халық банкі”, “Еуразиялық банк”, “Цеснабанк”, “АТФ банкі”, “RBK банкі” және “Fortebank” акционерлік қоғамдарына жүгіне алады.
Бағдарламаға қатысушылар қатарын көбейту мақсатында “Баспана” ипотекалық ұйымы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп алғашқы жарнаның мөлшерін азайту шарасын жүргізуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес жеңілдік сертификаттары бюджеттік сала мамандарына беріледі деп күтілуде.
Баспасөз мәслихаты барысында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев аталмыш бағдарлама бойынша өңірімізде жыл соңына дейін 500 пәтер пайдалануға беру жоспарланғанын мәлімдеді. Облыс орталығының “Жас Өркен”, “Береке” шағын-аудандарында, Мир және Жуков көшелерінің бойында төрт көппәтерлі тұрғын үй салынып бітуге жақын. Ал Куйбышев орман шаруашылығында – төрт, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында бес жеке үйдің құрылысы аяқталды. Олардың барлығы бағдарлама аясында берілетін болады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.