«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРАҚОР ПОЛИЦЕЙЛЕР 8 жылға сотталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкеріне пара бермек болды деген айыппен және іздеудегі көліктерді ел аумағы арқылы алып өтуге жәрдемдескені үшін істі болған полиция қызметкерлері Қ.Бекенов пен М.Мұхамеджанов 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сот үкімінде көрсетілгендей, Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Қ.Бекенов Интерпол іздеу салған көліктерді Қырғыз Республикасының азаматы Ишимов Солтүстік Қазақстанның аумағы арқылы Бішкек қаласына тасымалдап жүргенін анықтайды. Шетелдіктің заңсыз әрекеттері арқылы пайдаға қарық болғысы келген полицей арам ойымен облыстық ішкі істер департаменті басқармасының жедел уәкілі М.Мұхамеджановпен бөліседі. Осылайша екеуі іздеудегі көліктерді шекарадан кедергісіз өткізу арқылы пайдаға кенелудің айла-амалдарын ойластырады да, қырғызстандық азаматпен өзара тиімді келісімге келеді.  

Осылайша 2013 жылдың басынан бері Ишимов Мамлют ауданы арқылы “Жаңажол” көліктік бақылау бекетінен 10-нан астам қымбат шетел көлігін Бішкек қаласына өткізеді. Әр көлікті алып өткен сайын ым-жымы бір сыбайластардың қалталарына 500 АҚШ доллары түсіп отырған.

2013 жылдың ақпан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстағы департаментінің қызметкерлері бұл жағдайды анықтамағанда “бармақ басты, көз қысты” әрекеттерінің қай уақытқа дейін жалғасарын кім білсін? Жедел шаралардың нәтижесінде контрабандамен айналысушылардың жолы кесіліп, көліктері тәркіленеді.

Қымбат көліктерден айрылып қалған Ишимов тағы да “жанашырларына” жүгінеді. Бірлескен істе белдерін бекем буған Қ.Бекенов пен М.Мұхамеджанов тәркіленген көліктерді қайтарып алу үшін департамент қызметкеріне делдалдар арқылы 10 мың АҚШ долларын бермек болған.

Облыстық сот сотталғандардың апелляциялық шағымдарын өзгеріссіз қалдырды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp