«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРАҚОР ПОЛИЦЕЙ

Петропавл қалалық сотының үкімімен пара алды деген күдікке ілінген аға тергеуші, подполковник үш жылға қамауға алынып, арнайы атағынан, сондай-ақ, мемлекеттік және құқық қорғау қызметінде қызмет атқару құқығынан да айырылды. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин аяқталған қылмыстық істің мән-жайын түсіндірді.

Өткен жылдың желтоқсан айында Петропавл қалалық полиция басқармасы бір іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, нәтижесінде күдіктінің жасалған қылмысқа қатысы жоқ деген шешім шығарған. Куәгердің жауабынан басқа дәлел болмағандықтан, іс жабылған. Алайда, аға тергеуші бұл істен пайда таппақ болады. Ойын жүзеге асыру мақсатында биылғы ақпан айында Жамбыл ауданына іссапар барысында Буденное ауылына барып, күдіктінің әкесімен кездескен. Сөз арасында тыңдау құрылғысының жоқтығына көз жеткізген ол баласына қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін 2,5 млн. теңге көлемінде пара төлеуді талап еткен. Әйтпесе, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытқан. Алайда, ойлағаны жүзеге аспай, 17 ақпан күні үйінің кіреберісінде 2 млн. теңге ақшамен қолға түскен.

Нұрлан Жахин атап өткендей, қылмыстық тергеудің нәтижесі бойынша, облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен тергеу және кадрлық аппараттың бастықтары қатаң тәртіптік жазаға тартылған.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp