Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құжатқа Сенат енгізген толықтырулармен келісті.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісі 2020 жылғы 3 маусымда мақұлдаған. Сенат енгізген өзгерістер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді және мазмұнын нашарлатпайды. Бас комитеттің отырысында келіп түскен өзгерістер жан-жақты қаралды. Осыған орай Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», – деді депутат Жанат Жарасов.
Бұдан бұрын хабарланғандай , биыл 17 қыркүйекте Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады. Құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Заң жобасының негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі түрде алдын алу жөніндегі қосымша шараларды енгізу. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшіге құны қандай да болсын сыйлықтар сыйлауға тыйым салынады. Сондай-ақ өзіне сыбайлас жемқорлық шектеулерін қабылдайтын адамдардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйлықақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтер қабылдауға тыйым енгізіледі.
www.inform.kz