Облыста «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға 653 адам өтініш берсе, тіркелгені – 645. Олардың 12,7 пайызы – Парламент Мәжілісіне, 20,5 пайызы – облыстық мәслихатқа, 90,4 пайызы қалалық және аудандық мәслихаттарға кандидат. Өзін-өзі ұсынғандар – 67 пайыз.Үміткерлердің 40 пайызы – қыз-келіншектер, 27 пайызы – 35 жасқа дейінгі буын. Ең жас үміткер 19 жаста. Ең үлкені – 72 жаста.
Қазіргі уақытта өңір бойынша праймериздің маңызды тетіктерінің бірі – ашық алаңдарда пікірсайыстар өткізу, сайлауалды бағдарламалармен таныстыру бел ортадан ауып, саяси доданың нағыз қызған шағы. Оның бірі облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен Оқушылар сарайында өтті. Бұл жолғы бәсеке басқа кездесулерде танымалдығымен көзге түсіп жүрген Qasaqstan» РТРК» АҚ СҚОФ-ның директоры Ерлан Тоқшылық, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының міндетін атқарушы Данияр Уәлиев, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-нің проректоры Жанар Таласпаева, Оқушылар сарайының директоры Дина Әбілмәжінова, жастар бастамалары орталығының кеңесшісі Әл-Фараби Мыңбай және Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Бақытжан Тұрсыновтың арасында өтіп, алдымен өз бағдарламаларымен таныстырды. Одан кейінгі пікірсайыс ауаны бір-біріне сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Қай-қайсысы әбден әзірленіп келгендерін танытты. Ел, облыс ауқымында кездесетін түрлі экономикалық, әлеуметтік пробемаларды, қиындық-кедергілерді қозғаумен қатар шешілу жолдарын да ортаға салды. Әлеуметтік желіден түскен сауалдарға жауап қайтарылды.
Праймериз аяқталған соң Қ. Ақсақалов ашық пікірсайыс алаңында жұртшылыққа өз тұжырымдаларын ұсынған қатысушылармен кездесіп, істеріне сәттілік, табыс тіледі.
– Бұл механизм партияда жоқ адамдардың да қызығушылығын тудырып отыр. Батыс елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, праймериз – партия ішіндегі айқындық нысаны. Қатысушылар арасында тәжірибелі партия мүшелері, үкіметтік емес ұйым, мәдениет, БАҚ, бюджет саласының өкілдері кәсіпорын, бизнес жетекшілері, блогерлер аз емес. Бұған дейін мен пікірсайысты онлайн-режімде бақылаған болатынмын. Бүгін де байқағанымдай, көптеген қызықты идеялар мен бағалы ұсыныстар айтылды. Оның бәрі алдағы уақытта ескерілетін болады. «Nur Otan» партиясының қатарына жақтастарды көптеп жұмылдырып, қоғамға көмектесу, проблемаларды шешу – басты шарт. Осыны ескеруіміз керек, деді республикалық саяси ұйым жергілікті филиалының төрағасы.
Еске сала кетейік, үгіт-насихат жұмыстары аяқталғаннан кейін кандидаттарға дауыс беру электронды форматта жүзеге асады. 3 қазанда науқан белгіленген сайлау учаскесінде бюллетень толтыру арқылы өтеді. Партия мүшелері таңдаған үміткерлердің жасақталған тізімі 5 қазанда жарияланады.