
Жаңа жыл қарсаңында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында “Парыз – 2014” бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Онда шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымында Қызылжар ауданының орталығындағы “Ахмутдинов” ЖК бас жүлдеге ие болды.
Он алты жылдық тарихы бар кәсіпорынды аудандық мәслихаттың депутаты, “Орман пайдаланушылар және ағаш өңдеушілер” қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Сермұхамед Оралұлы басқарады. Бизнестегі алғашқы қадамын орман пайдаланушы ретінде бастаған жеке кәсіпкер жыл өткен сайын жұмыс аясын кеңейте түсуде. Шаруашылықтың ағаш өңдеу цехы жергілікті ақ қайыңнан төрт қырлы бөрене, қоршау қадалары, айыр мен күректің, балға мен балтаның саптары, шахта тіреулері, тақтай, үй жиһаздары сияқты 45-тен астам өнім түрлерін шығарады. Жоспар бойынша бір жылда кесілетін 25 мың текше метр ақ қайыңның 50 пайыздайы осы мақсатқа жұмсалады, қалғаны тұтынушыларға қолайлы болу үшін қысқа кесілген отын түрінде әзірленеді. Өнімдерді ішкі нарықтан басқа Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының өндіріс орындары да тұтынады.
Сермұхамед Оралұлы жеке кәсіпкерлікті бастағаннан бері қалдықсыз өнім шығаруға, қоршаған ортаны сақтауға барынша көңіл бөліп келеді. Кәсіпорын аумағындағы қайың мен қарағай өсіруге арналған тәлімбақ 2 гектардай аумақты алып жатыр. Өрт-химия станциясы орманды тілсіз жаудан қорғауға арналған арнайы техникалармен толық қамтамасыз етілген.
Кәсіпорын құрылысшылары соңғы екі жылда халал тағаммен жұмыс істейтін дүкен, өз жұмысшыларын тегін тамақтандыруға арналған 45 орындық асхана ғимараттарын, аумағы 80-100 шаршы метрді құрайтын 11 пәтерлік 7 тұрғын үй салып, жұмыс орнында душы бар тынығу бөлмелерін пайдалануға берді. Соңғы 5 тұрғын үй өндіріс орнының бу қазандығына қосылған.
Ағаш кескен жерде қалған бұтақтарды бір жерге үю, сол аумақты тазарту мақсатында оны кейін өртеп жіберу – орман пайдаланушылардың міндеті. Жеке кәсіпкер осы қалдық бұтақтарды пайдалануға арналған тың жобаны өткен жылы қолға алды.
– Ағаш тілу мен өңдеу цехтарындағы үгінді мен жоңқа біз ойлағандай кәдеге аспайды. Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айтылған басым бағыттардың бірі – инновациялық кластерді дамыту. Орманды пайдаланушылар “тілімен” айтқанда, “Жасыл экономика” бағдарламасы аясында ағашты шикізат ретінде тереңдетіп өңдеу, яғни кесілген ағашты қалдықсыз игеру. Германиялық “Jensen” компаниясының жұмысымен интернет және ғылыми журналдар арқылы сырттай танысқаннан кейін инновациялық кластерді біздің салада да дамытуға болатындығына көзім жетті. Енді сол фирманың құрал-жабдықтарын сатып алып, биоотын брикеттерін шығарсам ба деген ниетпен жалпы құны 40 млн. теңгені құрайтын жаңа жобаны қолға алып отырмын. Оған серіктестіктің өз қаражаты ғана жұмсалады. Жаңа цех жоспар бойынша маусым айында өнім шығара бастауға тиіс. Қажетті құрал-жабдықтардың 30 пайызы әкелінді. Негізгі жабдықтар ақпан айында жеткізіліп, арнайы салынған ғимаратқа орнатылатын болады, – дейді Сермұхамет Оралұлы.
Орманды пайдаланып қана қоймай, оны қалпына келтіруге, қоршаған ортаны сақтауға және экологиялық таза өнім шығаруға өзіндік үлес қосып жүрген кәсіпкер бұған дейін “Парыз – 2012” байқауының күміс жүлдесімен марапатталған, ал 2013 жылы өңірдің үздік орман пайдаланушысы атанған болатын.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.