«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЭЗИЯ АЛЫБЫНА АРНАЛДЫ

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызына айналған ақиық ақын – Мұқағали Мақатаев, көзі тірі болғанда 9 ақпан күні 85 жасқа келер еді. Осыған орай еліміздің әрбір өңірінде ақынның шығармашылығына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Ақынның туған күнін біздің өңіріміз де елеусіз қалдырмай, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхананың қызметкерлері “Қазақ поэзиясының Хантәңірі” атты мәнерлеп оқу сайысын өткізді. Оны ұйымдастырушылардың бірі Майра Мақышеваның айтуынша, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі байқаудың шарттарына бұл жолы өзгерістер енгізіліпті. Мәселен, сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің жас мөлшері 14 пен 21 жастың аралығында болуы қажет. Ақынның өлеңін әуеннің сүйемелдеуімен оқуға, мазмұнына қарай слайд-шоу дайындап, көрермендер назарына ұсынуға да рұқсат беріліпті. “Бұл өзгерістер поэзияға әуес жастардың құштарлығын оятып, ынталандырары сөзсіз”, – дейді ұйымдастырушылар.

Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Алғашқы бөлімінде мектеп оқушылары мәнерлеп оқудан өз шеберліктерін көрсетсе, екіншісінде өңіріміздегі арнаулы білім беретін оқу орындарының студенттері бақтарын сынады. Байқауда бас-аяғы отызға жуық талапкер додаға түссе, қатысуға өтініш білдірген үміткерлердің саны одан асып жығылыпты.

Байқау қорытындысында, алғашқы кезең бойынша М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің оқушысы Әйгерім Тасболатова жүлделі бірінші орынға ие болды. Екінші бөлімде бақ сынаған М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті Гүлдарай Қалиева бірінші бәйгені қанжығасына байлады.

Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар тапсырылып, қатысушылардың барлығына дипломдар үлестірілді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp