Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жаңа форматтағы «Адалдық сағатын» өткізді. Бұл «Адалдық сағаты» қазақстандық жастар үшін жаңа тұлға, замандас және табысты жас көшбасшы Ренат Бектұровты танытқанымен ерекшеленді.
Ренат Бектұров 1984 жылы 13 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Astana International Exchange Басқарма мүшесі. Қаржылық қызмет көрсету саласында 10 жылдан аса жұмыс тәжірибесі бар. Ол ТМД аймағындағы сукук (ислам бағалы қағаздары) алғашқы шығарылымы сияқты борыштық капитал нарығындағы бірқатар маңызды мәмілелерге қатысқан. Ренат Лестер университетін үздік бітіріп, банк ісі және қаржы саласында магистр дәрежесін иеленген, сондай-ақ сертификатталған қаржы сарапшысы дәрежесіне ие (CFA Charter Holder). Президенттік жастар кадр резервінде бірінші орынға ие болды.
Ренат Бектұров өз сөзінде ұлы Абайдың тағылымын алға тартып, «Парасаттылық деген – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты адами қасиеттердің жиынтығы», – деді.
Сондай-ақ жастарды табанды еңбек етуге, әрдайым өзін-өзі жетілдіруге және патриот болуға шақырды. Ол өзінің жеке өмірі мен мансабында жетістікке жетуге мүмкіндік берген әділеттілік пен адалдық сияқты өмірлік құндылықтарымен бөлісті. Бейнедәріс барысында көрермендер қандай мектеп мұғалімі оның өміріне әсер еткенін, жастар үшін сәттіліктің кепілі не екенін және зияткерлік ұлттың қасиеттерін сұрап білді.
Бәрімізге белгілі, «Адалдық сағаты» акциясының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық, әділдік, инабаттылық және сенім сияқты ең маңызды адамгершілік құндылықтарды дарыту.