Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин “AntikorLive” жобасының тікелей эфиріне қатысып, қоғамды жегі құрттай жеген індеттің тәуекелдерін анықтау бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, жеті айдың ішінде тоғыз мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, 107 ұсыным енгізілген. Оның жартысынан астамы орындалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде өткен кеңесте сөйлеген сөзінде сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай күресу, бұл – жел диірменмен алысумен тең екенін айрықша атап көрсеткен болатын. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Сыбайлас жемқорлық та вирус секілді, ұялаған жерін зақымдамай қоймайды. Десек те, кез келген кеселді емдеудің, ота жасау арқылы сылып тастаудың жолдары бар сияқты қоғамның әлеуметтік маңызы зор салаларында жиі көрініс беретін індетті оған қарсы бағытталған іс-шараларға тың, жаңа серпін беру арқылы ғана жеңе аламыз. Демек, күрес таңдауы да, жеке жауапкершілік талабы да тек өзімізге байланысты болмақ. Нұрлан Жахиннің айтуынша, мекеме-ұйымдарда мемлекет мүлкін, қаржысын талан-таражға салу, болмаса бопсалау әрекеттерін әшкерелеуде жазаға тартудан бөлек, жемқорлық тәуекелдеріне ішкі-сыртқы талдау жүйесін қалыптастырудың, тәжірибеге айналдырудың маңызы зор. Жемқорлық көп жағдайда қызмет бабын асыра пайдалану, бюрократтық кедергілер, басшылық тарапынан бақылаудың босаңсуы, цифрлық қызметтің қолжетімсіздігі, тағы басқа себептер салдарынан орын алып жататыны жасырын емес.
Департамент басшысының бірінші орынбасары одан әрі барлық бағыт бойынша жемқорлықпен күрес қызметін жандандырудың тиімділігіне назар аударып, өз ойларын дәйектеу мақсатымен бірқатар мысалдар келтірді. Арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына тексеру жүргізу барысында бірқатар жемқорлыққа бейім сипаттар анықталған. Жүк көліктерін қайта тіркеу кезінде жалған құжаттар толтырылған. Бұл фактілер қылмыстық іске тіркелген. Олқылықтан тиісті қорытынды шығару үшін ұсыным ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетіне жолданған. Тағы бір мысал, малдәрігерлік бақылау және қадағалау инспекциясының мемлекеттік инспекторы тауарлық құжаттарды түпнұсқа түрінде тексеруге міндетті бола тұра бейнетіркеу құралының көмегіне жүгінген. Тіпті, сатып алынған құрылғының заңдық тұрғыдан қолданылмайтыны еш ескерілмеген. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясында былтыр ағаштарды заңсыз кесу жайы орын алса, осындай көрініс биыл ұлттық табиғи парк бөлімшесінде қайталанған. Заңдылық сақталмаған, мемлекеттік қызмет стандарттары мен нормативтік-құқықтық актілер бұрмаланған, пәрменді бақылау тетіктері жұмыс істемеген жерлерде кемшіліктердің кемімейтіні, керісінше, жемқорлық тәуекелдерінің үдей түсетіні анық.
Департаменттің ұстанымы да, мақсаты да айқын, ол – сыбайлас жемқорлық жағдайларымен ымырасыз күрес жүргізе отырып, адамдар бойында оған қарсы төзбеушілік иммунитетін қалыптастыру. “Кешенді, жүйелі жұмыстар ғана ісімізге тың қозғалыс береді”, – деді қорытынды сөзінде Нұрлан Жахин.
Жан АЙТМАҒАМБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.