«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РАҚЫМЖАННЫҢ КОМАНДИРІ

Он сегіз жасынан қардай бораған, жаңбырша жауған оқтың астында жүрген әкем Мұстақым Хасеновты ауылдастары «Ел ағасы», әріптестері мен туыс-бауырлары «Директор аға», «Мұстақ аға» деп ерекше бір жылылықпен атайтын. Аралағаш ауылында дүниеге келген оның аталары дәулетті, қайратты адамдар болған. Әкем ата-анасынан ерте айырылып, бала кезінен өмірдің ыстық-суығын көп көріп өскен, өзі талаптанып, жоғары білім алған. Қайырымы мол, адамгершілігі зор, жаны нәзік, өмірге құштар, сұлулықты сүйе білген парасатты адам еді. Өзі Аралағашта іргетасын қалаған мектеп мұражайының төрінде анам екеуінің суреті ілулі тұр. Аудандық ардагерлер кеңесінің қолдауымен 2007 жылдан бері тоғызқұмалақтан еске алу турнирі өткізіліп келеді. Дайындық, Қызылжұлдыз, Қарағаш ауылдарының балаларына арнап интернат ашқан. Мектеп түлектерін Петропавл, Қарағанды, Семей қалаларына оқуға жіберіп, жергілікті кадрлар құрамын көбейткен. Бүгінде асқар тау әкемнің ізгі істерін жалғастырып жүрген мақтаулы шәкірттері аз емес.

Әкем 1939 жылы Петропавл қазақ педагогикалық училищесін үздік аяқтаған соң мұғалім болып қызмет атқарады. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласында кіші офицерлер даярлайтын курсты бітіреді, лейтенант шенін алады. Майданға атқыштар взводының командирі болып аттанады. 1942 жылғы қиян-кескі шайқастардың бірінде қатты жараланып, госпитальда емделіп шыққаннан кейін Петропавл қаласына оралады. Борки кентінде әскер қатарына жаңадан алынған жастарды әскери әдіс-тәсілдерге, жауынгерлік шеберлікке үйрететін әскери бөлімде барлаушылар взводының командирі болып қызмет атқарады.

– Взводымда болған 24 қазақ жігіті шетінен өжет, майданға аттануға даяр еді, «сен тұр, мен атайындар». Солардың ішінде Рақымжан Қошқарбаев деген батыр тұлғалы, отты көзді, қайсар мінезді, намысты қолдан бермейтін ер жігіт ерекше көзге түсті. Қандай қиын тапсырма берсең де, тап-тұйнақтай етіп орындап шығатын. Әскери қаруды, тактикалық әдістерді тез меңгерді, құралайды көзге атқан мергендігімен ерекшеленді. Одан түбінде атағы жер жарған батыр шығатынына құлай сендім. Рейхстагқа ту тіккен жауынгердің тәлімгері болғанымды мақтан етемін, – дейтін жүзі нұрланып.

Әкем Алматыға барған сапарында Рақымжан Қошқарбаевпен қалай кездескенін аңыздай қылып айтатын. «Ұшақтан түсіп, қызымды іздеп келе жатқанда алдымнан еңгезердей сымбатты жігіт шыға келді. Бір-бірімізге көз тоқтатып қарап үлгерген жоқпыз. Ол бір сәтте «командир аға», деп құшағын ашып, жерден тік көтеріп алды», – дейтін. Осы кездесу үлкен достыққа ұласты. Әкемнің құрметіне дастарқан жайып, қазақтың біртуар батыр ұлы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлымен дәмдес қылды. Баукең әкемнен елін, жерін сұрап, «Ертең елге барғанда қазақтың батыр ұлы Бауыржанның қолынан дәм таттым дерсің», – деп ақ батасын берген.

Әкем қайтадан майданға сұранады. И.Панфилов басқарған 8-ші гвардиялық дивизия құрамында болуды армандайды. Көп ұзамай Беларусь майданы 2-ші гвардиялық армиясы 2-ші батальонына барлаушылар взводының командирі болып тағайындалып, алғы шепке аттанады. Соғыстың нағыз қызған шағында Шығыс Пруссияның Кенигсберг қаласын азат ету кезінде болған сұрапыл ұрыстардың бірінде тағы да ауыр жараланады. Әскери госпитальда есі бір кіріп, бір шығып жатқанда жанындағы жауынгер гимнастеркасының қалтасынан анам сыйлаған ақ жібек орамалын алып, жараны таңайын дегенде: «Жоқ, ол орамалға тиіспе», – деп байлатпайды. Мәскеу қаласындағы госпитальда алты ай емделеді. 1945 жылы қазан айында майор шенімен екінші топтағы мүгедек болып оралады. Ерлігі үшін бірінші, екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

1949 жылдан 35 жыл бойы Аралағаш орта мектебінің директоры болып қызмет ете жүріп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі, жүректеріне ізгілік дәнін септі. «Қазақстан оқу ағарту ісінің үздігі» атанды. Анам екеуі жеті бала тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды.

Жеңіс күні біздің әулеттің ең ерекше де қасиетті мерекесі саналады. Әрқайсымыз әр жақта тұрсақ та, осы күні алтын ұямызға құстай ұшып келіп, ата-анамыздың жанынан табылатынбыз. Сондай сәтте әкеміз көзінің қарашығындай сақтап жүрген жәдігерін алып, «Бұл – менің, Мәкемнің, соғыстан аман-есен оралсын деген тілекпен сыйға тартқан орамалы. Мені сұрапыл соғыстан аман алып қалған – осы», – деп толғана сөйлейтін. Анамның Мәриям деген атын толық атамай, өмір бойы «Мәке» деп еркелетіп өтті.

Сәуле СҰЛТАНОВА,

ардагер ұстаз.

Суретте: солдан оңға қарай М.Хасенов пен Р.Қошқарбаев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp