«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РАҚЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВТЫҢ КОМАНДИРІ

Бұл дүниеден өткенімен, санадан өшпейтін абзал бейнелер болады. Жылдар жылжығанымен, сағыныш түбегінен естілер сазды мұң бір үзілмейді. Менің бүгін қолыма қалам алуыма да осы сағыныш себеп. Көңілдің түкпіріне жасырынған балалық шағым да, сананың қатпарында жатқан асыл бейне де көз алдыма қайта оралды.

Әкем Мұстахым Хасенұлы 1923 жылы Аққайың ауданының Аралағаш ауылында дүниеге келген. Білетіндер білімді, жан-жақты, адамгершілігі мол адам еді деп отырады. 1939 жылы Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық училищесін үздік тамамдап, еңбек жолын мұғалімдіктен бастайды. Бірақ уақыт өтпей адамзат тарихындағы ең зұлмат соғыс басталып, ол оқ пен оттың ортасына аттанады.
Қырық күн қырғын болса да, ажалсыз адам өлмейді. Майданнан жаралы оралған әкем Аралағаш орта мектебінде 35 жыл бойы директор болып қызмет атқарды. Осы уақыт аралығында екі бірдей жоғары оқу орнын, яғни Петропавл педагогикалық институты мен Н.Крупская атындағы Семей мұғалімдер институтын бітірді. Өзі іргетасын қалаған мектеп ұжымының да жоғары білім алуын талап етіп, оған барлық жағдайды жасады. Анам да мұғалім еді. Екеуі жүздеген шәкірт тәрбиелеп, біліммен қаруландырып, үлкен өмірге аттандырды. Бүгінде әкемнің жақсы істерін жалғастырып жүрген шәкірттері аз емес. Мен үшін бұл әкемнің атының ұмытылмайтындығының белгісі іспетті.
Біздің отбасымыз үшін Жеңіс күні ең ардақты мереке болатын. Оқу, жұмыс жайымен сыртта жүрсек те, осы күні алтын ұяға құстай ұшып жетуші едік. Әкем сондай кездесулерде айтпаған сырын, қан майданда жүріп өткен жолын ақ қағазға жазып қалдырыпты. Уақыттың табынан сарғайған қағаздағы таныс жазу көзіме оттай басылды. Оқып шығып, көңілім қатты толқыды. Әкем 1942 жылы Брянск майданында қиян-кескі ұрыста қатты жараланып, контузия алғанын жазыпты. Бірнеше ай Свердловск, Ташкент госпитальдарында емделіп, сауыққаннан кейін Петропавл қаласына келген. Ел басына күн туған заманда Боркиде әскер қатарына жаңадан алынған жастарды әскери әдіс-тәсілдерге, жауынгерлік шеберлікке үйрететін бөлімде барлаушылар взводының командирі болған екен. “Менің взводымда 24 қазақ жігіті болды. Бәрі де өжет, майданға баруға даяр еді. Шетінен “сен тұр, мен атайын” дейтін батыр жігіттер еді. Солардың ішінде өте пысық, өзін де, достарын да қорғай алатын Рақымжан Қошқарбаев деген жігіт әуел бастан көзге түсті. Қандай күрделі тапсырма берілсе де, орындап шығатын. Әскери қаруды, тактикалық әдістерді тез меңгерген оның құралайды көзден атқан мергендігіне таласар ешкім болмады. Рақымжаннан түбінде батыр шығатынына сенімім мол болды”, – деп жазыпты әкем.
1943 жылы жаз айында әскери комиссия әкемді соғысқа жарамды деп танып, қайтадан майданға аттандырады. Рақымжан да қан майданға сұранады. Бірақ оны жолдамамен Фрунзе қаласындағы әскери училищеге жібереді. Осылайша, сарбаз бен сардардың жолы екі айырылады. Әкем үшінші Беларусь фронтында барлаушылар тобында соғысады. Бұл кезде Шығыс Пруссияның Кенигсберг қаласының шебінде қиян-кескі ұрыс болып жатқан. Осындағы ұрыстардың бірінде әкем тағы да ауыр жараланады. Немістің снайпері дәл көздеп, оқ иығына тиеді. Бұл туралы ол былай деп жазады: “Ауыр жарақаттан есімнен танып жатқанымда жанымдағы жауынгер жолдастарым плащ-палаткаға жатқызып, әскери бөлімге алып келді. Сол жарамен Мәскеу госпиталінде жарты жыл жаттым. 1945 жылы қазан айында екінші топтағы мүгедек болып елге оралдым”. Ол майданда көрсеткен ерлігі үшін бірінші, екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін” медальдарымен марапатталған.
Зұлмат соғысты жеңіспен аяқтаған елдің еңсесі түзеле бастаған шақ. Осы кезде Алматыға барып жүріп, ойламаған жерден Рақымжан Қошқарбаевпен кездесіп қалады. Екеуінің де қуанышында шек болмайды. Кейін, яғни 1965 жылы Рақымжан әкемді Алматыға қонаққа шақырды. Майдандастар сағына қауышып, бірнеше күн бойы өткен өмірді еске алып, мауқын басады. Сол жолы Рақымжан әкеме Рейхстагқа ту тіккені жайлы баяндап берген екен. “1945 жылы 30 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де штабқа шақырып, Рейхстагқа Жеңіс туын тігуді тапсырды. Қарша борап тұрған оқ астында жүріп, кешкі сағат 5 кезінде Булатов екеуіміз Рейхстагтың екінші қабатына Жеңіс туын тіктік. Біз Жеңіс туын бірінші тіккен совет жауынгерлері болдық”, – деп әкеме болған оқиғаны айтып берген екен. Ал әкем соның бәрін сөзбе-сөз қағазға түсіріп, бізге мұраға қалдырып кетті. Әкем атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен кездесуді армандайтын. Сол сапарында Рақымжан Қошқарбаев әкемнің арманын орындап, батырмен жолықтырады. “Жеңістің 54 жылдығының қарсаңында теледидардан жаңалық көріп отырып, Рақымжан Қошқарбаевқа “Халық қаһарманы” атағы берілгені туралы хабарды естігенде, қуанғаным-ай!”, – деп әкем қаруласы үшін қуанған сәтін де қағазға түсіріп, хатын аяқтапты. “Ұлы таулар аласармайды, ұлы тұлғалар ұмытылмайды” дейді. Менің ұлы тауым да, тұлғам да өзіңізсіз, әке!


Сәуле СҰЛТАНОВА,
 майдангер М.Хасенұлының қызы.

 

Қызылжар ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp