«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕЗЕҢГЕ ЖОЛДАМА

Облыс орталығында жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін тіл мамандары арасын­да “Ұлттық ономастика – ел айнасы” конкурсы өтті. Ономастика жұмысын жетілдіру, сала мамандарын елді мекендерге, көшелерге атау беру және оларды қайта атау жұмыстарын дамытуға ынталандыру мақсатында жүзеге асқан байқауда 9 ауданның үміткері үш топқа бөлініп, өзара бақ сынасты.

Бүгінде өңірімізде ескірген жер-су, елді мекен, көше атаула­рын өзгерту бойынша біраз жұмыс атқарылған. Конкурс барысында өз жетістіктерін жеткізуге тырысқан мамандар “Атаулар сыр шертеді”, “Жер-судың аты – тарихтың хаты” және “Ономастика” сайыстарында түрлі сұрақтарға жауап беріп, білімдерін таразылады. Ақжар ауданының намысын қорғаған Берік Здуәлиев алғашқы сайыс кезінде елді мекендерді қазақша атау бойынша біраз істің жүргізіліп жатқанына тоқталды. “Ауданымызда былтырғы қаңтар айынан бері 52 көше, 2 елді мекен және 1 ауылдық округ бұрынғы Кеңес өкіметі тұсынан бері келе жатқан атаулардан құтылды. Осындай талап-өтініштер түскен кезде біз міндетті түрде жергілікті халықтың пікірін тыңдап, атауларды өзгерту бойынша жиналыстар өткіземіз. Соңғы уақытта тұрғындардың байырғы атауларды қайтаруға деген ықыласы артты. Соның нәтижесінде Новосел ауылын – Үлкен Қараой, Киевскоены – Кіші Қараой, Коммунизмді Баймырза деп өзгерттік”, – деді маман.

Ақжар және Уәлиханов аудандарында идеологиялық тұрғыда ескірген атауларға ие елді мекендер некен-саяқ болғанымен, аудан көлеміндегі жер-су аттарын өзгерту әлі толықтай аяқталмаған. Мамандар бұл орайда біраз жұмыс жоспарланғанын алға тартты.

Қазылар алқасының мүшесі, “Асыл мұра” орталығының қызметкері Ахметжан Қуантаев байқауға қатысушылардың білімін бағалай отыра, жер-су, елді мекен атауларының көне үлгісін білу маңыздылығына тоқталды. Шара барысында осы мәселемен айналысатын мамандар жұмыс барысында кезде­сетін кедергілерді ортаға салып, өзара пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Ал үздік деп танылған “Солтүстік нұры” командасының мүшелері арнайы дипломмен марапатталды. Олар байқаудың республикалық кезеңінде өңір намысын қорғайды.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp