«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РОЗА РЫМБАЕВА ӘН САЛҒАН КЕШ

 

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн акциясына орай Петропавл қаласындағы Жастар сарайында облыс бойынша сыртқы экономикалық қызметтің үздік қатысушысы мен салық төлеушілерін марапаттау рәсімі өтті.

Байқауға қатысып, топ жарғандарды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттiк кiрiс департаментiнiң басшысы Данияр Жаналинов құттықтап, игі тілегін жеткізді. Мерекелік кеште ең үздік салық төлеуші – заңды тұлға анықталды. Ол Есіл ауданындағы “Пушкинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Николай Козленко жетекшілік ететін шаруашылықта бүгінгі таңда 65 адам жұмыс істейді, олардың орташа еңбекақысы – 92 мың теңге.

Жеке кәсіпкерлер арасында 2015 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша ең үздік салық төлеушісі болып Валентина Пальчик (Мағжан Жұмабаев ауданы) танылды. 2010 жылдан бері өз жұмысын дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерде 6 адам еңбек етеді. Заман талабына сай болуды алдына мақсат еткен кәсіпкер қоғам өміріне белсенді түрде араласып, қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды.

Қайрат Қадыралин жетекшілік ететін “АБИ-Экспорт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Петропавл қаласы) сыртқы экономикалық қызметтің үздік қатысушысы аталымы бойынша жеңіске жетті. Топжарғандар грамотамен марапатталды.

Сонымен қатар, “Олар бізді алдамайды” деген атпен облыс бойынша жеке кәсіпкерлер арасында да байқау өткізіліп, оның қорытындысы жарияланды.

Жеңімпаздар қатарынан орын алған жеке кәсіпкер Фирая Спиридонова (Петропавл қаласы) аяқ-киім жөндеумен айналысады. Фирая Зияевна 14 адамды жұмыспен қамтып отыр. Орташа еңбекақылары – 50 мың теңге. Облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосып отырған жеке кәсіпкер 2008 жылы өңірлік “Ең үздік кәсіпкер” байқауының лауреаты атанған. Жеке кәсіпкерге сапалы жұмысы үшін жұлдызша белгісі бар арнайы эмблема табысталды.

Жеке кәсіпкер Дариға Кафуцина (Петропавл қаласы) да бұл күні үздіктер қатарынан көрінді. Кәсіпорында 4 адамды жұмыс істесе, әрқайсысының орташа еңбекақысы – 70 мың теңге.

Марапаттау рәсімі аяқталған соң сахнаға Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева шықты. Киелі сахнада 40 жыл өнер көрсетіп келе жатқан әнші бұл кешке арнайы шақырылған екен.

– Мен Қызылжар өңіріне осыдан 5 жыл бұрын келіп, концерт бергем. Арада өткен аз ғана жыл ішінде облыстың дамып, өркендеп, өнердің ілгері басқаны байқалады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында солтүстіктегі сүйікті тыңдармандарыммен қайта қауышқаныма қуаныштымын, – деді әнші.

Тек жанды дауыста концерт беріп, өзге әріптестеріне үлгі көрсетіп жүрген Роза Рымбаева бұл күні тамаша әндерінен шашу шашып, жиналған көрерменнің көңілін бір көтеріп тастады. Тыңдармандарымен өмір мен өнер жайында емен-жарқын сөйлескен әнші Роза Рымбаева Сергей Имашбаев жетекшілік ететін облыстық филармонияның эстрада-симфониялық оркестрінің еңбегіне жоғары баға берді.

Отандық музыкалық өнердің алтын қорына әндері енген Роза Қуанышқызының концертіне келген адамдардың көптігі сонша, залда ине шаншар жер болмады. Тыңдармандар “Қазақ елі”, “Куә бол”, “Әнім менің”, “Мир без любимого” сияқты танымал әндерін бірге қосылып орындады.

Айта кету керек, бұл концертке қала тұрғындарымен қатар, ауылдардан да арнайы келген адамдар көп болды. Бұл – халықтың әншіге деген құрмет пен қошеметінің белгісі.

Концерт соңында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp