“Жинап алмай қамбаға, астығым бар деп ойлама”, – дейді дана халқымыз. Биылғы ауа райының қолайсыз жағдайында жиналып жатқан астықтың бұлданып өткізілуі де ала жаздай тынымсыз еңбек еткен агроқұрылымдар үшін оңай шаруа емес. Сондықтан орақ науқаны басталғаннан бері шаруашылық басшылары биылғы астықтың бағасын “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ қалай белгілейтіндігіне алаңдаулы. Соған орай аталмыш компанияның облыстық өкілдігінің директоры Рустам Жанатаевты сөзге тарттық.
– Рустам Бақытбекұлы, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ биыл астықты қандай бағамен сатып алғалы отыр?
– “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ 2014 жылы жасалған шартқа байланысты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) кепілдігі бойынша форвардтық сатып алу шартымен, сол сияқты, жеткізіп беру фактісі бойынша ақы төлеу жағдайымен үшінші сыныпты бидай мен екінші сыныпты арпа қабылдауды үстіміздегі жылғы 11 қыркүйекте бастады. Республика бойынша аталмыш компания 1 млн. тонна бидай мен 500 тонна арпа сатып алуды жоспарлап отыр. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бидайдың бір тоннасы үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) қоса есептегенде 35-тен 36 мың теңге, ал арпаға 24 мың теңге көлемінде жоғары сатып алу бағасы ұсынылып отыр. Азық-түлік корпорациясы баға белгілегенге дейін жаңа орақ бидайының нарықтағы бағасы – 32-33 мың теңгені, ал арпанікі 22 мың теңгені құрайтын.
– Осы бағаны нақтылай кетсеңіз?
– Азық-түлік корпорациясы шағын шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды қолдау мақсатында сатып алу бағасын ҚҚС төлейтіндерден 3 пайыз төмен белгілеп отыр, бұрын бұл көрсеткіш 12 пайыз болатын. Мысалы, балуызы 23-24 пайыз, заттай өткізу 730 г/л-ден жоғары болса, 3-сыныпты бидайдың бір тоннасы ҚҚС төлеушілер үшін – 35 000, ал ҚҚС төлемейтіндер үшін 33 950 теңге болады. Арпа да солай, тиісінше 24 000 және 23 280 теңге. Егер балуызы 25 пайыздан, ал заттай өткізілуі 750 г/л-ден жоғары болса, ҚҚС төлейтіндер үшін – 36 000 теңге, ҚҚС төлемейтіндер үшін 34 950 теңге болып белгіленген.
– Шарт бойынша жеткізіп берушілер міндеті қалай орындалады?
– Шартта көрсетілгендей, ол ақшалай қаражатты қайтару немесе бидай мен арпаны жеткізіп беру жолымен жүзеге асырылады. Жеткізіп берілетін бидайдың немесе арпаның көлемі “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ бекіткен сатып алу бағасымен және алдын ала төлеу сомасымен анықталады. Сонымен бірге ӘКК кепілдігімен келесі жылдың форвардтық сатып алуына өз міндетін 2014 жылы астықпен орындаған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ғана жіберілетіндігін “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ еске салады.
Биылғы 13 қазандағы жағдай бойынша күзгі-жазғы қаржыландыру міндеттемесін облыстың 2 шаруашылығы ғана 14 млн. теңге сомасында орындады. Бұл көрсеткіш Ақмола облысында – 889 млн., ал Қостанай облысында 227 млн. теңге.
– “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ облысымыздан қанша астық сатып алмақшы?
– Корпорация үкіметтік бағдарлама аясында биыл 350 мың тонна көлемінде 3-сыныпты бидай және 200 мың тонна көлемінде 3-сыныпты арпа сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа ҚР-ның Үкіметі жыл сайын мемлекеттік қорға қабылданатын астыққа сатып алу бағасын белгілейді. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі қаулысының жобасы мүдделі министрліктермен (Экономика, Әділет, Қаржы министрліктерімен) келісуде жатыр. Қаулы жобасына сәйкес республика бойынша астық сатып алу көлемі 200 мың тоннаны құрайды, оның 60 мың тоннадайы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша. Үкімет қаулысы биылғы қараша айында бекітіледі деп жоспарланып отыр.
– Тауар өндірушілер шартқа қай жерлерде тұра алады?
– Тауар өндірушілерге қолайлы болу үшін Ақжар және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда орналасқан азық-түлік корпорациясының элеваторларында өтінім қабылдауға және шарт жасауға жауапты адамдар жұмыс істейді. Енді шалғай аудандардағы агроқұрылым басшыларының шарт жасау үшін облыс орталығына ат сабылтуының қажеті жоқ.
Бірінші жасалған шарттар бойынша шаруа қожалықтары екі күн ішінде төлемақы алғанын атап айтқым келеді. Қазіргі біздің міндетіміз әлеуетті жеткізіп берушілердің өтінімдерін жедел қарау болып табылады. Сондықтан біздің тауар өндірушілерді астықтарын элеваторларға әкеліп, азық-түлік корпорациясымен шарт жасауға шақырамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.