“Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешенінің ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауын талқылады.
Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған тарихи құжатта көп мәселе айтылды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін Жолдау баршамызға жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, ең төменгі жалақының 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсетіндігі көңіл қуантады. Бюджеттік сала мамандарының еңбекақысы 35 пайызға өсетіндігі де көптің көңілінен шыққаны даусыз.
Мемлекет басшысының Жолдауы бұған дейін жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі дамытуды көздейді. Осы уақытқа дейін жүзеге асырылған “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер”, “Рухани жаңғыру”, “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар аз уақыттың ішінде өз нәтижесін бергенін атап өткен жөн.
Президентіміз қазақстандықтарға елімізді дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, “Жастар жылы”, “Ауыл – Ел бесігі”, “Өз жеріңді танып біл”, мектептерде әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын дамыту жобалары “Рухани жаңғыру” бағдарламасының мақсат-міндеттерімен үндесіп жатыр.
Бүгінде “Рухани қазына” кіші бағдарламасы аясында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, туған жерді түлету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ішкі және сыртқы туризмді дамыту, мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты жобалар іске асырылуда.
Алдымызда білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларының қызмет көрсету сапасын жетілдіру, кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Мектепке дейінгі және орта білім беру сапасын жақсарту, жоғары оқу орнын бітіруші түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері де маңызды. Кәсіпкерлікті қолдау, аграрлық сектор мен жеңіл өнеркәсіпті жетілдіру мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны ақиқат.
Қай салада жұмыс істесе де, әр адам елдің дамуы үшін еңбек етсе, табысты мемлекетке айналарымыз сөзсіз. Біз де мұражай қызметін жетілдіріп, ”Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жұмысты одан ары жалғастыратын боламыз. Жастарды қолдауға арналған шараларды жүзеге асыру арқылы ел болашағы үшін маңызды қадам жасаймыз деп сенемін.
Аян САДАЕВ,
“Абылай ханның резиденциясы” мұражай-кешенінің директоры.