Оқу үдерісінің негізгі мақсаты оқушыға сапалы, өнегелі, тиянақты, жүйелі білім беру болып саналады. Бұл дегеніміз – оқушының ойлануына, өзін-өзі дамытуына, өзіндік білім алуына және білімге деген іштей қажеттілікті туғызу. Осы негізде қазақ тілі пәнін оқытуда бүгінгі білім беру мазмұнындағы бетбұрыстарға бағыттай отырып, оқушының дүниетанымын қалыптастыру мақсатын көздеймін. Яғни, сабақ барысында оқушының ынтасын арттырып, күнделікті өткен әр тақырыпты санасына жеткізе, сөздік қорын байыта, әр сабақта алған білімдерін күнделікті өмірмен байланыстыра отырып, қолдана алардай дәрежеге дейін жеткізуді міндет етіп қоямын.
“Хат – адамдар арасындағы өмірдастан” тақырыбында 10-сыныпта өткізген сабағыма тоқталғым келіп отыр. Сабақтың мақсаты – үзінді-мәтінмен жұмыс істей отырып, әр отбасыға қайғы салған қасірет туралы ой қозғау. Сабақтың барысында оқушылармен “Хат, оның маңыздылығы” туралы әңгіме қозғалды. Ойды жалғастыру мақсатында Әзілхан Нұршайықовтың “Майдан жыры” романы бойынша Екінші дүниежүзілік соғыста ауыр жараланып, екі көзінен айрылып, зағип болып қалған жас жауынгердің ішкі арпалысы мен туған жеріне, анасына деген сағынышы қатар суреттелетін, ең соңғы сәтінде тән жарасынан гөрі сағыныш сезімі, перзенттік парызы басым түсіп, жолдасына амандығын білдіріп хат жазып беруін өтінген мәтін-хат соғыс туралы бейнероликпен қоса тыңдатылды. Оқушылар мәтінді тыңдап болған соң әр топқа жеке-жеке тапсырма берілді. 1-топ – жауынгерге ата-анасының атынан, 2-топ – ауылдастарының атынан, 3-топ аталған роман негізінде анасы мен әкесінің жазған хаттарын талдап, ой бөлісті.
Оқушылардың жұмыстары:
1-топ: Құлыным, тірі екеніңді неге білдірмедің? Бірақ бәрібір сенің аман екендігіңе күмәнім болған жоқ, ана жүрегі сезді. Бүкіл ауыл болып сенен хабар күттік. Байғұс анаңды босқа жылатыпсың ғой. Үйге орал, сені қатты сағындым ғой. Біздің ауылда, Құдайға шүкір, барлығы да жақсы. Айналайын, қарағым, Күлзира ұлды болды. Сен сияқты. Қап-қара, топ-томпақ. Сол немерем – қуанышым. Балапаным, біз сені тағатсыздана тосамыз.
Бетіңнен сүйдім. Анаң.
2-топ: Айналайын, біздің ардақты қаһарманымыз. Сенің тірі екеніңді біліп, ауыл болып қуандық. Сенің соғыс отынан аман қалғандығың жүрегімізді жылытады, бірақ әлі елге оралмауың көңілімізге қаяу салады. Майданда көрсеткен өжеттігің жайлы ауыл балалары естіп, мақтан етуде. Қашан оралатыныңды күнде сұрайды. Айтпақшы, Сәлима апайдың жалғыз немересі жайлы естідің бе? Байғұс кемпір уайымнан әбден есі кетті.
Қиын-қыстау заманда аш болсаң да, ата-анаңның уайымына уайым қоспай шыдамдылық танытқан бала күнің әлі көз алдымызда. Қиындыққа берілмейтін мінезің болушы еді ғой. Сондықтан да нендей жағдай болса да, туған жеріңе оралатыныңа сенеміз.
Ауылдастарың.
3-топ: Жауынгердің анасының хатында баласына деген сүйіспеншілігі, сағынышы, жылы мейірімі қаратпа сөздер арқылы берілген: “Құлыным, қуатым, жарығым, жаным, жалғызым”. Ал әкесінің хатында сабырлы әкенің салмақты сағынышы байқалады. Мысалы, “Құрметті ұлымыз, Әділжан …”.
Оқушылар өз ойлары, қиялдары арқылы ана мен ауылдастарының сағынышты тілеулестіктерін беруге тырысты. Бұл жұмыс арқылы оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру міндеті де қойылды.
Оқушылар өз жұмыстарымен таныстырғаннан кейін сарапшылар тобы ойларын ортаға салды.
Оқушылардың ойларын жинақтау мақсатында: “Зағип болған жауынгердің жан күйзелісін жеңіп, амандығын білдіру үшін досына хат жаздыртуына нендей себептер болды?”, “Тақырып “Хат – адамдар арасындағы өмірдастан” – деп неліктен алынды?” деген сияқты сұрақтар қойылды.
Сабақты бекіту мақсатында оқушылар “Өрмекші торы” ойыны негізінде Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” романдиалогы бойынша Бауыржан Момышұлының насихат сөздерін жалғастырып, ой бөлісті.
Жалпы оқушыларды шығармашылық жұмысқа, өзіндік ізденіске бағыттауда әр істе бағыт бере білу маңызды. Оқушының жеке тұлға екендігі ескеріліп, тақырыпты қабылдай білу танымын түсінсек, оқытудың тиімділігі арта түспек. Оның жауапкершілігінің артуына мүмкіндік туады. Шәкірт үшін өз мүмкіндігін тану маңызды болса, мұғалім үшін бала жүрегіне жол табу – маңызды.
Айнагүл РАМАЗАНОВА,
қазақ-түрік лицейінің қазақ тілі
пәнінің мұғалімі.