«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САЛАНГ” “ЕСКЕ АЛУ ВАХТАСЫНАН” ОРАЛДЫ

“СолҚазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімі Александр Азегов басқаратын “Саланг” әскери-патриоттық іздестіру клубы кезекті халықаралық “Еске алу вахтасынан” оралғанын хабарлады.

“Саланг” клубының мүшелері дәстүр бойынша өз жұмыстарын Ресей Федерациясының Новгород облысындағы Парфин ауданында жүргізді. Александр Азегов жақсы әзірленген командасымен бірге “Долина” іздестіру экспедициясы құрамында 22 жылдан бері осы жерде №2 екпінді армияның ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерінің мүрдесін қазып алып, бауырластар зиратына жерлеумен айналысып келеді. Новгород ормандарында 800 мыңдай кеңес әскерлері қаза тапқаны және із-түзсіз жоғалып кеткені тарихтан белгілі.

– Бұған дейін жауынгерлердің мүрдесін жер бетіне жақын жерден тауып жүрсек, қазір нәтижеге қол жеткізу үшін біраз еңбектенуімізге тура келеді. Негізінен іздестіру жұмыстары аршып алуды қажет ететін окоптар мен жертөлелерде жүргізіледі. Егер винтовка мен бумалы гранаталар байламы табылса, жауынгер денесінің таяу жерде жатқаны. Бұл жағдайда жауынгердің аты-жөні жазылған медальон тауып алу – зор жетістік. Медальондағы жазуды оқудың өзі – үлкен жетістік, өйткені, ол бірнеше жыл бойы жер астында жатқандықтан, жауынгер туралы мәлімет жазылған қағаз парағы іс жүзінде үгіндіге айналады. Дегенмен, іздеушінің басты мақсаты – ешқандай қиындыққа қарамастан, жауынгердің кім екенін анықтап, кейін оның туған-туысқандарын табу, – дейді Александр Азегов.  

Биыл қаза тапқан батырларды іздестіруге ТМД елдерінен 29 отряд қатысты. Олар жер бетіне 709 кеңес жауынгерінің мүрдесін шығарып, 22-сінің аты-жөнін анықтады. Оның үшеуі қазақстандық болып шықты. Олар: Ириатула Заринович Хамидуллин (1923 ж.т., Қызылорда обл.), Мих Ахметович Усинтаев (1920 ж.т., Қызылорда обл.), Асылов Айшамбек (туған жылы белгісіз, Ақмола обл.).

Сапар барысында “Саланг” отрядының күшімен 15 жауынгердің сүйегі қазып алынды. Солардың біреуінің ғана кім екендігі анықталды, ол – Филипп Никифорович Поляков (1916 ж. т. 1317-ші атқыштар полкінің қызыләскері, Калинин облысындағы Пустошинск ауданының Ведосово деревнясының тумасы).

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp